Жақынына жапа шектіргендердің жазасы қатаңдатылды

Oinet.kz 31-07-2023 511

Бүлінген тағдырлар, тепкінің құрбаны болғандар, шарасыздықтан бұғып, барар жері, басар тауы болмай сенделгендер, әлімжеттік көрсетіп, әйелінің арын, намысы мен құқығын таптайтындар, бассыздыққа салынып баласын сабайтындар.

Screenshot_7.jpg

Міне, осылай қаншама әйел үрей мен қорқыныштың жетегінде өмір сүріп, кейбірі құрбан болып жатыр. Осындай тұрмыстық қиындықтардың, қоғамдағы өзекті мәселенің алдын алу үшін еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шараларды күшейтуді тапсырған болатын. Осыған байланысты, 1-шілдеден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жаза қатаңдады. Себебі, күннен-күнге өз отбасына қиындық тудыруда айылын жимайтындардың қатары көбеймесе азаймай келеді. Бұл – қоғамдағы дертке айналды. Осы мәселелердің төңірегінде сұхбаттасу үшін Шымкент қаласы Полиция Департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бөлімше бастығы, полиция-подполковнигі Данабай Әлиевпен сөйлесудің сәті түскен еді.

- Қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық кезек күттірмейтін мәселенің  біріне айналды. Мұндай жағдайға көбінесе нәзік жандылар ұшырап жататыны белгілі. Осыған байланысты ел Президенті отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты шараларды күшейтуді тапсырған еді. 1-шілдеден бастап бұл қылмыстың жазасы қатаңдады. Нендей өзгерістер енгізілді?

 - Иә, мемлекет басшысы зорлық-зомбылыққа қарсы шараларды күшейтуді тапсырған еді. Біз бұл бағытта қарқынды жұмыс жүргізіп келеміз. Отбасылық құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінде арнайы баптар көзделген. Отбасында жақын туыстарын балағаттап, заңсыз әрекеттер көрсеткенге, дене жарақатын салғанға арнайы баптар бар. Бұрын осы құқық бұзушылықтарға бой алдырған адамдарға айыппұлдар салынатын. Қазір, айыппұлды алып тастады. Аталған қылмыстар бойынша 5,10,15 тәулікке дейін нақты әкімшілік қамау шаралары көзделді. Яғни, аталған қылмыстар бойынша азаматтарды әкімшілік қамаққа аламыз. Сондай-ақ, тағы да бір өзгеріс, енді татуласуға бір-ақ рет мүмкіндік беріледі. Егер, құқық бұзушылық екінші рет қайталанса, татулаусуға немесе соны себеп қылып жазадан жалтаруға мүмкіндік жоқ. Тұрмыстық жанжалдар бойынша арыз болмаса да, арызданушы өз арызынан бас тартса да орын алған факті бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама рәсімдеп, сотқа жолдаймыз. 

- Қалай ойлайсыз, бұл өзгертулер мен түзетулер тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешуге септігін тигізеді ма? 

- Әлбетте, өз септігін тигізеді деп сенеміз. Себебі, барлық адам заң алдында қауқарсыз. Ешкім өз қылмысы үшін жазадан жалтарып кете алмайды. Заң түгелімен өзгеріп кетпесе де, кейбір баптарда өзгертулер, түзетулер енгізілген. Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін, біз үшін, жалпы қоғам үшін өте маңызды өзгеріс болды. Сондықтан да, алдағы уақытта заңдағы өзгеріс нәтиже көрсетеді деп сенеміз. 

- Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қандай әрекеттер жатады?

-  Бізде күнделікті сараптамалар жүргізіледі. Профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде, биыл кісі өлтіру қылмысы тіркелген жоқ. Алайда, әйелдерін ұрып-соғу, дене жарақаттарын салу, зәбір көрсету қылмыстары орын алуда. Біздегі Оңтүстіктің менталитетіне сай, көбінесе әйелдер зорлық-зомбылық көрсе де, «ұят болады» деп жасырып жүре береді. Әбден зәбір көріп, ауыр қылмыс орын алған кезде ғана хабарласады. Сол үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілген. Күйеуі әйеліне бірнеше рет зорлық-зомбылық көрсетіп жүрген болса, қылмыстық кодекстің 110-бабы, яғни қинағаны бойынша қылмыстық іс қозғалады. 

- Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты құқық бұзушылықтар көбінесе қандай себептерге байланысты туындайды?

-  Осы айда, яғни 1-шілдеден бастап 102 арнасына өзіміздің өңірімізден 291 қоңырау түсті. Қазіргі таңда, соның 252-і сотқа жолданды. Осының 80 пайызы алкогольдік ішімдіктің салдарынан болған. Одан өзгелері, өзара жанжалдар мен жетіспеушіліктің әсерінен орын алған. Жалпы, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, ер азаматтың жұмыссыздығы, ер мен әйелдің бір-бірін қызғануы, ішімдікке бейімділігі, есірткіге әуестігі, тағы да түрлі себептерге байланысты тұрмыстық жанжалдар, құқық бұзушылықтар басталады.

Аида Өтеп

Ерекше балаларға айрықша қолдау қажет
Ерекше қажеттілігі барларға айрықша қызмет көрсетілуі тиіс
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу