Ерекше қажеттілігі барларға айрықша қызмет көрсетілуі тиіс
Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі, ерекше қажеттілігі бар жандарды қоғамға бейімдеу, ортада өзін еркін сезінуге жағдай жасау өте маңызды. Осы мақсаттарда Президент тапсырмасына сәйкес қызмет атқаратын мекемелер жетерлік.
Арнайы мамандардың жұмысы, бейімдеуі ерекше қажеттілігі бар жандардың өмірінің жақсы жаққа өзгеруіне мүмкіндік сыйлайды. Ерекше қажеттілігі бар, мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан тегін қызмет көрсететін орталықтар жетерлік. Оның бірі Атырау қаласындағы «Jarqyn» оңалту орталығы.
Аталған оңалту орталығында бас инсульті мен жүрек инфарктына шалдыққан, түрлі жарақат алған, хирургиялық отадан шыққан, неврологиялық және тірек қимыл жүйесінің аурулары бар, сондай-ақ түрлі ауруларға байланысты мүгедектігі бар науқастарға тегін көмек көрсетіледі. «Емнің барлығы мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша тегін жүргізіледі. Портал арқылы келе алмайтын науқастарға ақылы түрде қызмет ұсынамыз. Ақылы қызметке массаж, ЛФК, дене шынықтыру және физио-процедуралар кіреді. Мүгедектігі, ерекше қажеттілігі бар науқастарға психологиялық тұрғыдан да көмек көрсетіледі. Арнайы мамандар әр науқаспен жеке дара жұмыс істейді» дейді орталық директоры Сапарбай Чотбаев.
Орталық басшысының айтуынша, арнайы кестеге сай үш мезгіл тамақ беріледі. Жаңа технологиялық жабдықтармен, медициналық апараттармен жабдықталған. Денсаулығы нашар азаматтардың оңалуына, мүгедектердің қоғамға бейімделуіне үлес қосатын орталық отыз төрт маманды жұмыспен қамтып отыр. Оң нәтижеге қол жеткізіп, оңалып жатқан науқастардың саны күн сайын артып келеді. Бұл ретте, арнайы мамандардың еңбегі орасан.
Аида Өтеп