Тіленшіліктің тамырын үзуіміз керек
«Әлеуметтік қолдау алдын-ала және шын мәнінде мұқтаж жандарға көрсетілуі тиіс. Дегенмен, кез-келген көмек масылдыққа себеп болмауы тиіс. Әсіресе, еңбекке жарамды жас азаматтар жәрдемақыға қол жаймауы керек». Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың масылдыққа қарата айтқан қатаң ескертуі.
«Алма піс, аузыма түс» деп, қоғамға иек артатын азаматтар көп болмауы керек. Ал, мамандар масылдық сананың белең алуына бей-берекет жасалатын халықтық көмектің кесірі тиіп жатыр дейді.
Психотерапевт, психолог Серікгүл Сәли: «Елімізде көмектесу бей-берекет орын алып жатыр. Бұл бей-берекет орын алған көмек адамдарды жаппай жалқаулыққа әкелуде. Қолымды соза берсем, аузымды аша берсем, бере түссе, көмектесе түссе дейтіндер көбейіп, жалқаулық жайлап барады. Егер де әрдайым әлсізге көмектесе беретін болсақ, қоғамда олардың тобы көбейе береді. Жауапкершілікті сезіну керек. Көмек алып жатқандар бүгін маған көмектесіп жатыр, ертең мен де бір мұқтаждың қажеттілігіне жарауым керек деген ойы, ұмтылысы болмаса, масылдық көбейе береді» дейді.
Дайын асқа тік қасық болғысы келетіндер көбінесе әлеуеметтік желі арқылы блогерлер мен қоғам белсенділерінен көмек сұрайды. Араларында шын мұқтаж жандар да кездеседі екен. Ол туралы қоғам белсендісі Дархан Құттыбаев: «Бір рет көмек алғандар, екінші, үшінші рет те қайталап көмек сұрап жатады. Осының өзі масылдыққа адамның бойы тез бейімделіп кететіндігін көрсетіп тұр. Қарап тұрсаңыз, аяқ-қолы сау, еңбекке жарамды аға-әпкелеріміз масылдыққа бой алдырып бара жатқандай. Алақан жаятын жандардың көбеюіне мемлекеттік бағдарламалардың тиісті деңгейде орындалмауы да себеп. Бір ғана мысал бизнес ашу үшін берілетін қайтарымсыз гранттың өзі тиісті деңгейде үлестірілмейді. Нағыз кәсіпті бастаймын, ашамын, жүргіземін дейтіндерге берілмей, көбінесе көз қысты, бармақ басты етіп, таныс-тамыры барлар иеленіп жатады. Олар кәсіпті ашпайды. Әйтпесе, шын мұқтаж жандар, еңбекке жарамсыз адамдар үшін мұндай мемлекеттік бағдарламар үлкен мүмкіндік болар еді» деді.
Жалпы, жоқ-жітікке жәрдемдескісі келетін азаматтар, алдымен адамның нақты мұқтаж екендігіне көз жеткізіп, еңбекке жарамсыз екендігін растайтын құжатты талап етуі керек. Сонда ғана масылдықпен күрес жүйелі түрде жүзеге асады. Онсыз тіленшіліктің тамыры тереңдей береді. Біз, қоғам болып сол тамырды үзуіміз керек.
Аида Өтеп