Ерекше балаға – ерекше қызмет

Oinet.kz 31-07-2023 559

Кез-келген мемлекеттің, адамзаттың ең алғашқы маңызды міндеттерінің бірі – ол бала тәрбиесі. Ел тізгінін берік ұстай білетін ұрпақ тәрбиелеу қажырлы еңбекті қажет етеді.

Screenshot_10.jpg

Ал сол жас ұрпаққа тәрбие беретін бүгінгі тәрбиеші мамандар тәрбиелеу мен білім берудің жаңаша жетілдірілген әдіс-тәсілдерін іздестіріп, күнделікті жұмыс барысында жаңашыл бағыттар қарастырып, оны өздерінің іс-тәжірбиесінде қолданып отырса, бала тәрбиесі алға басары сөзсіз. Экологиялық проблеманың салдарынан қазіргі күні өмірге келген балалардың денсаулығында көптеген ақаулықтар байқалған. Мұндай ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндердің қоғамға бейімделуі үшін жан-жақты жағдай жасалуда. Осы мақсатта Түркістан облысы Түлкібас ауданында  «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен ерекше күтімді қажет ететін  балаларға арналған «Ақ Мейір» балаларды дамыту және инклюзивті білім беру орталығы ашылды. 

Орталық бір жыл бұрын өз қызметін ақылы түрде бастаған. Мемлекеттің қолдауымен қазір тегін көмек көрсетеді. Онда  психолог, дефектолог, логопед,  емдеу сауықтыру мамандары балалардың ой өрісін дамыту үшін жұмыс жасайды. Арнайы мамандардың қабылдауында болып,  аптасына үш рет келіп таңертеңнен түске дейін тегін білім алып, балалар ортаға бейімделе бастайды. Баланы  жан-жақты дамыту үшін инклюзивті алаң құрылған. Сондай-ақ, мекемеде 7 маман, яғни, 5 арнайы маман, 1 кординатр, 1 есепші жұмыс жасайды. Сонымен қатар, арт терапия пен құм терапия мамандары да бар. Мамандар ерекше қажеттілігі бар балаларға екі қолмен сурет салдырады. Құм – жәй ғана бәрімізге таныс қарапайым зат. Бірақ шын мәнінде ол таңғажайып керемет материал. Бала құммен ойнай отырып, өзінің бойындағы ауыр сезімді ұмыта бастайды. Сонымен қатар, ойын үстінде өзінің көңіл-күйін көтерумен бірге, өзін-өзі емдей алады. Заманауи инновациялық әдістерді мектеп жасына дейінгі балалардың дамуына қолдану арқылы, балаларды шаршатпай, жалықтырмай, жан-жақты дамуына «құм терапиясының» тигізер үлесі өте зор. Сонымен қатар, баламен жеке және топпен оқу және түзету-дамыту жаттығулары жүргізіледі. Одан бөлек мектепалды даярлау бөлімі бар. Оны  оқыған балалар арнайы комиссиядан өтіп, соның нәтижесінде мектепке бару мүмкіндігіне ие бола алады. Жыл сайын дамуында түрлі ауытқулары бар 150-ден астам балаға тегін кызметіледі. Осындай қолдаулар арқылы ерекше білім алатын балалар назардан тыс қалмай, қатарынан кем болмай өсетініне бар жағдай жасалынып келеді.

Әрбір бала - еліміздің болашағы. Олардың жақсы өмір сүріп, азамат болып қалыптасуы үшін әрбіріміз жауаптымыз. Өмірге бірдей болып келгенімен, әрбірінің өзіне тән ерекшеліктері болады. Статистикалық мәліметке сүйенсек, Түлкібас ауданында 700-ге жуық бүлдіршін әр түрлі диагноз бойынша ерекше күтімді қажет ететін бала ретінде тіркеуге алынған. Аталған орталықты ашудағы басты мақсат - осындай балалардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға, әлеуметтік бейімделуге және денсаулығын нығайтуға қолайлы жағдай жасау. 

«Өкінішке орай, ауданымызда ерекше күтімді қажет ететін балалар қатары күн санап артып келеді. Оларды дамытып, қоғамға бейімдейтін орталықтар аз. Мен  мектепте ұстазбын. Әр сыныпта кемі екі-үш ерекше бала кездеседі. Тілінің мүкісі бар балалар, психологиялық дамуы тежелген, зейіні төмен, жеңіл диогнозы бар, нәтиже шығаратын балаларды аламыз. Мұғалім болып жүріп зерттей бастадым. Ашылғанымызға 1жыл болды. Біз бір жылда 300 балаға көмектесіп, нәтиже шығардық. Сондықтан мен осы жобамды әзірлеп, «Самұрық-Қазына» қорына ұсынған болатынмын. Бізге қызығушылық танытып, қолдап келді. Айтар алғысым шексіз. Менің негізгі қағидам – халыққа тегін қызмет көрсету. Алдағы уақытта нәтижелі жұмысымызға куә боласыздар деген ниеттемін», - деді жоба авторы Нұрболат Жұмабайұлы.

Орталыққа аптасына үш рет ерекше күтімді қажет ететін балалар келіп тұрады. Балалармен арнайы тәжірбиелі мамандар жұмыс жасайды. Мұнда оларға қажетті барлық жағдай жасалған. Орталық балалардың білім алуына, ақыл-ойын дамытуына және шығармашылықпен айналысуына қолайлы етіп жабдықталған. Ондағы бүлдіршіндердің әрбірінің көздерінде нұр, ертеңге деген үміт бар. Ерекше көңіл сыйлайтын білікті ұстаздары арнайы кабинеттерде балаларға құммен жұмыс жасауды, сурет салғызып, музыка тыңдатып, ақыл-ойын дамытатын түрлі тапсырмаларды орындатады. Мамандар әр баланың ата-анасымен тығыз байланыста. Әр оқушының білім алуда өз ерекшеліктері бар. Мәселен әр оқушының эмоционалдық және психикалық таным процестерінің даму деңгейі әртүрлі екенін мұғалімдер естен шығармайды.  

Мұндай оқыту түрі арнаулы білім беру жүйесінде дәстүрлі түрде қалыптасқан және даму үстіндегі формаларды ығыстырмайды, қайта жақындатады. Осы бағытты білім беру жүйесіне енгізу арқылы оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелей аламыз. 

Жанкешті мамандардың көмегімен қаншама ерекше бала қажетті емін алып, денсаулығын түзеп жатыр. Түптеп келгенде баланы оқыту, денсаулығын қадағалау, әлеуметтік жағдайын жасау аздық етеді. Баланың жарқын болашағы үшін оның қызығушылығын одан әрі жетілдіру, ішкі жан дүниесіне үңілу, әңгімелесу де маңызды. Сондықтан мұндай орталықтардың маңызы зор.

Аида Өтеп

Тіленшіліктің тамырын үзуіміз керек
Әрбір әйел бақытты болуға лайықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу