Әрбір әйел бақытты болуға лайықты

Oinet.kz 31-07-2023 645

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды.

Screenshot_11.jpg

Себебі, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет» деген болатын. 

Осыған орай, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейді. Енді жәбірленушінің арызынсыз-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғала береді. Ол үшін куәгерлердің айғақтары, бейне бақылау камераларындағы жазбалар болса жеткілікті. Сонымен қатар, сотта екі тарапқа бір жыл ішінде тек бір-ақ рет татуласуға мүмкіндік беріледі. Бұл туралы Ақтөбе облыстық ПД ЖПҚБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Ақгүл Қасанғалиева: «Президент тапсырмасына сәйкес, биылғы жылдың 1-шілдесінен бастап Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне бірқатар түзетулер енгізілді. Оның ішінде отбасылық жанжал жасаған агрессорға 5 тәулікке, осы әрекетті екінші рет қайталағанда 10 тәулікке қамаққа алынады. Ұрып-соққаны үшін 10 тәулікке, екінші рет қайталанса 20 тәулікке, ал, денсаулыққа жеңіл зиян келтірсе 15 тәулікке, қайталанған жағдайда 25 тәулікке қамалады. Сондай-ақ, жанжалшыға жылына бір-ақ рет татуласуға мүмкіндік беріледі. Бұл Заң еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, әйелдердің зардап шегуінің алдын-алуға мол мүмкіндік беретіндігіне сенеміз. Өңіріміздегі көптеген әйелдер арыз жазып, бірнеше күннен соң, арызынан қайта бас тартатын. Бірі ұяламын десе, екіншісі күйеуімен татуласып кеткендігін себеп қылатын. Соның салдарынан, агрессорлар өз жазасын алмағандықтан, құқық бұзушылық қайталана беретін. Енді ондай жағдайлар қайталанбайды деп ойлаймын. Себебі, енді құқық бұзушылық орын алса, жаза тағайындау үшін жазбаша арыздың қажеті де жоқ. Бұл зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жүрген көп әйелдердің құқығын дұрыс қорғайтын түзету болды» деп, әрбір әйелдің бақытты болуға лайықты екендігін атап өтті. 

Рас, кез-келген ана, әйел бақытты болуға лайықты. Еліміздегі әрбір алтыншы әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып келді. Бұл түзетулер мен өзгерістер әйел бақытының бастауы болады деп сенеміз. 

Аида Өтеп

Ерекше балаға – ерекше қызмет
Ел дамуына үлес қосамын десеңіз еңбекқор болыңыз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу