Ел дамуына үлес қосамын десеңіз еңбекқор болыңыз

Oinet.kz 31-07-2023 661

Қоғамда масыл, еңбекке жат, білімнен ада адамдар мемлекетке де, өзіне де пайда әкелмесі түсінікті. Мұндайда патерналистік көңіл-күй мен әлеуметтік масылдық пайда болары анық. Ал оны жою үшін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты Жолдауын жариялаған еді.

Screenshot_8.jpg

Осыған орай, жауапты мекемелер мен мамандар жан-жақты жұмыс істеуде. Мысалы, Жамбыл облыстық «Еңбек мобильді орталығы» директорының орынбасары Әділхан Атин «Бүгінде масылдық белең алып бара жатқан өзекті мәселе. Патерналистік көңіл-күй мен әлеуметтік масылдықты жою үшін жастарымызға 2,5 пайыздық несие қарастырылған. Одан бөлек, қайтарымсыз гранттар, жәрдемақылар, мемлекеттік бағдарламалар бар. Тек көзін тауып, өз игілігіне жаратқысы келетіндер аз. Жамбыл облысында 2023 жылы 54 мың адамды жұмыспен қамту, оның ішінде, 34 мың адамды белсенді шараларға тарту жоспарланған еді. Жоспарымызды жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз. Масылдық қасиет ең алдымен жұмыссыздықтан, еңбекке деген құлшыныстың болмауынан пайда болады. Сондықтан, әрбір азамат жұмыс жасауды, еңбек етуді, мемлекетке қызмет етуді мақсат тұтуы тиіс деп ойлаймын» дейді. Аталған орталықтың орынбасары еліміздің өркендеп өсуі әлбетте, еңбекқор, білікті мамандарға байланысты екенін де айрықша атап өтті.

Айта кететіні, 2023 жылдың 1-қаңтарынан бастап елімізде ең төменгі жалақы 70 мың теңге болды. Ал, бір айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңге болса, ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңгені құрады. Сондай-ақ, ең төменгі зейнетақы мөлшері 53 076 теңге. Қазақстанда оқимын, дамимын деген азаматтарға мүмкіндік мол. Қаражатын көбейтіп, табысын арттырамын дегендерге  де қолдау табылады. Алайда, Әділхан Атиннің айтуынша тұрғындардың көбі қаржылық тұрғыда сауатсыз. Ал, қаржылық сауаттылықты арттыру арқылы масылдықтан арылып, еңбектеніп, қарызсыз өмір сүруге де болады. Аталған орталықтың орынбасары «Көптеген жанұялар табыс деңгейі жоғары болғанымен, оны жоспарлай білмейді. Қаржылық сауаттылық ең алдымен табысыңды жоспарлай білуден басталады. Қазақта «Көрпеңе қарап көсіл» деген бар. Көптеген адамдар өзінің табысынан артық шығын жұмсап қояды да, қарызға, несиеге белшесінен батып кетеді» дейді. 

Қоғамда шын мұқтаж жандар да баршылық. Оларды масыл деуіміз үлкен қателік. Кедейдің кейіпін киіп, табыс тауып жатқандардың тасасында шын мұқтаж жандардың жан-айқайы естілмей қалып жататыны өкінішті. Батысы, мұқтаждықтан, масылдықтан, патерналистік көңіл күйден арылу өз қолымызда. Ел дамуына үлес қосамын дейтіндер еңбекқор болуы тиіс.

Аида Өтеп

Әрбір әйел бақытты болуға лайықты
Ана мен баланы қолдау
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу