Олақ әйел... Түркістан қаласы әкімі екеуін не байланыстырады?

Oinet.kz 20-02-2026

Қазақ қоғамында «олақ әйел» деген ұғым бұрыннан бар. Үйдің тірлігіне икемсіз, бастаған ісін соңына дейін жеткізбейтін, бір істі бітірмей жатып екіншісіне кірісіп кететін, нәтижесінде ешқайсысын дұрыс атқармайтын әйел — енесінен жиі сөз естиді (күйеуінің де оңдырмайтыны әу бастан белгілі ғой). Бір қарағанда бұл тек бір шаңырақтың ішкі мәселесі сияқты көрінуі мүмкін. Алайда дәл осы мінез-құлық мемлекеттік басқару жүйесінде де кездеседі. Бітпейтін тірлік — бітпейтін жоба. Көп қозғалыс — аз нәтиже.

MyCollages (3).jpg

Әйелдің олақтығы бір отбасының тұрмысына әсер етеді. Ал әкімнің тірлікке олақтығы тұтас қоғамның өмір сапасына ықпал етеді. Дәл осы жағдай кешегі күні Әзімбек Пазылбекұлы басқарып отырған Түркістан қаласындағы ахуалдан анық байқалды.

Түркістан облысының әкімі  Нұралхан Көшеровтің Түркістан қаласы тұрғындарымен кездесуі жоспарланған уақыттан әлдеқайда ұзаққа созылып, жиынның айқай-шуға ұласқаны әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Қазір ол туралы елдің пікірі екіге жарылып тұр. Бірақ кім не десе де мұның бәрі Түркістан қаласында әлеуметтік мәселелердің дер кезінде шешілмей, кейбірінің тіпті шиеліністі жағдайға жеткенін аңғартады. Екі жүз мыңның төңірегіндегі халқы бар қалада арыз-шағым көп. Нұралхан Көшеров былтырдың өзінде облыс әкімдігіне Түркістан қаласынан 363 арыз-шағым жолданғанын, себебі тұрғындардың мәселесі жергілікті жерде дұрыс шешілмейтінін арнайы атап өтті. Осыған байланысты өңір басшысының  қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлына ескерту жасағаны, тіпті осы жиында «не бардак болып кетті сенікі» деген қынжылыс білдіргені көп жайтты аңғартады, әрине. 

Есеп беруден кейін облыс басшысының халықты жеке мәселелері бойынша қабылдау тым ұзаққа созылғаны да жағдайдың қаншалықты ушығып кеткенін білдірсе керек. Бұрын-соңды Түркістан тұрғындары облыс басшысының есігін осынша уақыт тоздырған ба еді? Қасиеті қала, рухани астананың арыз-шағымға көміліп қалатындай не көрінді?Осындай абыр-сабырға байланысты Әзімбек Пазылбекұлы сол күні кешкі бесте өткен облыстық мәслихаттың сессиясына да қатыса алмады. Түркістан облыстық мәслихатының 21-сессиясында 18 мәселе қаралып, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері есеп берді. Кезек Түркістанға келгенде мінбеге әкімнің өзі емес, орынбасары Бекбол Аманжол көтерілді. Сессияның күн тәртібіне Түркістан қаласына 2025 жылы республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржының игерілуіне қатысты мәселе қойылған болатын. Қаржыға қатысты сұрақтар өз алдына бөлек тақырып. Оған алдағы уақытта тоқталатын боламыз. Түркістан қаласы әкімінің тірлікке олақтығы туралы ойымызды аяқтайық. 

Әзімбек Пазылбекұлы бұл лауазымға 2024 жылдың қазан айында тағайындалған. Оған дейін мемлекеттік қызметте айтарлықтай тәжірибесі болмаған, ал әкімдік жүйеде мүлде жұмыс істемеген. Соған қарамастан, оның облыс орталығы, Түркі әлемінің астанасы атанған шаһардың тізгінін ұстауы түрлі әңгімелерді туғызды. Көпшілік мұны Әзімбек Пазылбекұлының атышулы Сапарбаев–Нәлібаев әулетінің өкілі болуымен байланыстырды. Егер  күдік сейіліп, жұртшылықтың артқан сенім ақталып жатса, бәрі керемет қой. Алайда соңғы уақытта әкім Әзімбектің тәжірибесіздігі мен арзан жарнамаға әуестігі қаттырақ байқала бастағандай.

Әзімбек Пазылбекұлының бір жарым жыл ішінде көзге көрінген жұмысы көше тазалау мен қар күреу сияқты күнделікті шаруадан аса алмаған сияқты. Сонда Түркістанның әкіміне айналаны  тазалаудан басқа стратегиялық міндет қалмаған ба?  Түркістан сияқты ерекше мәртебені иеленген қалада  бұдан да  маңызды шаруалар жеткілікті емес пе? 

Айтпақшы,  Әзімбек Пазылбекұлы — облыстағы аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары арасындағы ең жас шенеунік. Жасы небәрі 34-те. Бәлкім тәжірибесіздіктің бір ұшы жастықта жатыр ма? Қалай болғанда да, олақ әйелдің тірлігі — бір үйдің, олақ әкімнің әрекеті  --тұтас аймақтың берекесін кетіретіні айтпаса да түсінікті ғой. 

Абылай ЕСІМБАЙ,

Түркістан қаласы. 

636402947_1257797699651412_3288890942243213020_n.jpg

637062134_1257797706318078_6081527585193508935_n.jpg

Бәйдібек ауданында мемлекет қаржысын талан-таражға салған 14 адам сотталды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу