Конституциялық сот: Жапаровтың әлі тағы бір мерзімі бар

2026 жылғы 17 ақпанда Қырғыз Республикасының Конституциялық соты Президенттің ұсынысы бойынша Конституцияның бірқатар баптарына ресми түсіндірме берді. Негізгі мәселе – 2021 жылғы жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Президент өкілеттігінің мерзімі қалай есептелуі тиіс деген сұрақ болды.
Сот Конституция мемлекеттің тұрақтылығы мен биліктің заңды сабақтастығын қамтамасыз ететін негізгі құжат екенін атап өтті. 2021 жылғы 11 сәуірдегі референдумда халық жаңа Конституцияны қабылдап, билік жүйесін қайта құрды. Жаңа редакцияға сәйкес (67-бап), Президент 5 жылға сайланады және бір адам екі мерзімнен артық қызмет атқара алмайды. Ал 2010 жылғы Конституцияда Президент 6 жылға бір рет қана сайланатын.
Садыр Жапаров 2021 жылғы 10 қаңтарда мерзімінен бұрын өткен президенттік сайлауда жеңіске жетіп, 28 қаңтарда қызметіне кірісті. Ол сол кезде қолданыста болған 2010 жылғы Конституцияға сәйкес 6 жылдық мерзімге сайланған. Кейін 2021 жылғы мамырда жаңа Конституция күшіне енді.
Соттың шешіміне сәйкес, жаңа Конституциядағы 5 жылдық мерзім Жапаровтың қолданыстағы мандатына таралмайды. Оның өкілеттігі бастапқыда белгіленген 6 жыл мерзімімен, яғни 2027 жылға дейін жалғасады. Бұл алты жыл жаңа Конституциядағы «екі мерзім» қағидасы бойынша бірінші мерзім болып есептеледі. Сот ретроактивті түрде мерзімді қысқартуға болмайтынын, бұл құқықтық айқындық пен халық еркінің бұзылуына әкелетінін атап өтті.
Демек, кезектен тыс президент сайлауын өткізуге негіз жоқ. Конституцияның 72-бабына сәйкес, мұндай сайлау тек отставка, импичмент, денсаулық жағдайы немесе қайтыс болу жағдайында ғана мүмкін.
Конституциялық соттың осы түсіндірмесінен Жапаровтың әлі тағы бір рет президент болып сайлану мерзімі бар екенін байқауға болады.
Соңғы уақытта елде президент сайлауы туралы әңгімелер күшейіп, саяси ортада түрлі болжамдар айтылды. Осы талқылаулар аясында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Камчыбек Ташиевтің қызметтен босатылуы да қоғам назарын аударды. Алайда Конституциялық соттың түсіндірмесі сайлау мерзімі 2027 жылдың қаңтарына жоспарлы түрде өтетінін нақтылады.


