Шымкенттік екі қоғам белсендісі Қызылорда облысында сотталды

Oinet.kz 19-02-2026

05b8eba6a41601a5ce07703094f6f4c9_xl.jpg 

Шымкенттік қоғам белсенділері қорқытып алу фактісі бойынша сотталды. Бұл туралы телеграмдағы Фонд-бюро раследования коррупции арнасы хабарлады.

Қызылорда облысында сот Ерғали Құлбаев пен Ақлима Ертайқызын қорқытып алу қылмысы бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысын 4 жылға бас бостандығынан айырды. Ертайқызына қатысты жаза өтеу кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты кейінге қалдырылды.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылдың жазында Қазалы ауданы әкімінің сайлауы кезінде болған. Ерғали Құлбаев пен Ақлима Ертайқызы сайлау процесіне тәуелсіз бақылаушылар ретінде қатысып, бірқатар заңбұзушылықтарды анықтағандарын мәлімдеген.

Анықталғандай, Ертайқызы сайлау комиссиясының төрағасымен әңгіме барысында әлеуметтік желілерде бейнематериалдарды жариялаймын деп қорқытып, ақша талап еткен. Іс материалдарында сөйлесу кезінде 500 мың теңге көлеміндегі сома талқыланғаны көрсетілген, алайда нақтысында 300 мың теңге аударылған.

Сот айыпталушылардың әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабы 2-бөлігі 2-тармағы («Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасалған қорқытып алу») бойынша саралады.

Сот Ерғали Құлбаевқа  4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот үкімді шығарар кезде оның  2022 жылы Қаңтар оқиғаларына байланысты қылмыстық жазаға тартылғанын ескерген. Ол сот залында қамауға алынды.

Ақлима Ертайқызы да 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 74-бабына сәйкес, кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жаза өтеу 5 жылға кейінге қалдырылды. Ол сот залында қамаудан босатылды.

Адвокат Темірлан Ахметов үкімге апелляциялық шағым түсіру ниеті бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жәбірленуші сот барысында Құлбаевтың жеке өзіне ешқандай талап қоймағанын көрсеткен.

Қорғаушы тарап сондай-ақ Ертайқызының ақша алғанын мойындағанын, бірақ өз бетінше әрекет еткенін айтқанын алға тартуда. Сот өзге де дәлелдермен қатар, әңгіме барысында қолданылған тұжырымдарды алдын ала сөз байласудың белгісі ретінде бағалаған.

Қорғаушы тараптың апелляциялық шағым түсіру үшін 15 тәулігі бар. Адвокаттар үкімді жоғары тұрған сот инстанциясында қайта қарауға ниетті.

Құқық қорғаушылар, соның ішінде Қазақстан халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының өкілдері, үкімді қайта қарауға қол жеткізуге ниетті екендерін мәлімдеді. Олардың жарияланымдарында айыпталушылардың әрекеттерін саралаумен және сот процесінің Қызылорда облысына ауыстырылуымен келіспейтіні атап өтілген.

Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерое қарағанда, Ерғали Құлбаев – азаматтық белсенді. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде «жаппай тәртіпсіздікке қатысты және халықты өзіне қосылуға шақырды» деген айыппен 4 жылға бостандығы шектелген. Қаңтар оқиғасына дейін де азаматтық белсенділігімен көзге түскен ол бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

 


Назарбаев өзін банкрот деп тану туралы кезекті өтінішін берді
Мәулен Әшімбаев вице-президент бола ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу