Фермерлер сиыр етінің бағасын келісіне 10-12 мың теңгеден сатуды ұсынды

Oinet.kz 19-02-2026

"TURAN"  Қазақстан мал өсірушілер қауымдастығы басқарма төрағасы Жәнібек Кенжебаев елде сиыр етінің бір келісі 10–12 мың теңге аралығында болуы тиіс деп есептейді.

image.png

Оның айтуынша, соңғы жылдары малды сатып алу бағасының төмендігі салдарынан бұл салада жұмыс істеу тиімсіз болған. Соның нәтижесінде көптеген фермерлік шаруашылықтар жабылып, аналық мал басы азайған. Нарықта қалыптасқан тапшылық бағаның көтерілуіне әсер еткен негізгі факторлардың бірі.

Кенжебаевтың пікірінше, ет бағасының экономикалық тұрғыдан негізді деңгейге жетуі салаға оң ықпал етуі мүмкін. Себебі табыстылық артқанда фермерлердің мал басын көбейтуге ынтасы күшейеді. Ол қазірдің өзінде мал шаруашылығына қызығушылық қайта артып келе жатқанын, мұны өндірушілер белсенділігінен байқауға болатынын айтты.

— Фермер жоқ болса — мал басы жоқ. Мал басы жоқ болса — ет жоқ. Демек, импортқа тәуелділік туындайды, — деді ол.

Қауымдастық басшысы сиыр еті үшін 10–12 мың теңге аралығы өндірістің рентабельді болуына мүмкіндік беріп, сонымен бірге тұтынушылар үшін қолжетімді шек болуы тиіс деп санайды.

Сондай-ақ ол нарықта балама өнімдер бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, елде жылқы саны артып келеді, ал қазы-қартаға бағытталған жылқы еті экспортқа аса тәуелді емес. Сондықтан оның бағасы жылына шамамен 10–15% көлемінде бірқалыпты өсуі ықтимал.

Ал қой еті экспорттық өнім болып қала береді. Кенжебаевтың бағалауынша, шетелдік нарықта бір килограмы 10–15 доллар шамасында сатылатын қазақстандық қой етінің ішкі нарықтағы бағасы 7–7,5 мың теңге деңгейінде болуы мүмкін.

Қазақстандықтар табысының 57%-ын азық-түлікке жұмсайды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу