Қазақстаннан аударылатын ақшаның басым бөлігі Ресейге жіберіледі
2026 жылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша Қазақстаннан шетелге түрлі ақша аудару жүйелері арқылы ақша аударымдарының жалпы көлемі 37,9 млрд тг болды. Бұл соңғы сегіз жылдың ең төменгі көрсеткіші, деп жазады Оinet.kz порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Бір жыл ішінде аударымдар көлемі 7%-ға қысқарса, 2025 жылғы қаңтармен салыстырғанда 22,4%-ға төмендеді. Дегенмен, транзакциялар саны 2,4%-ға өсіп, 111,4 мыңға жетті. Орташа бір аударымның көлемі 9,2%-ға азайып, 340,1 мың теңге болды.
Шетелден Қазақстанға келетін ақша аударымдарының көлемі 15,4 млрд тг құрады — бұл 2025 жылғы қаңтарға қарағанда 2,9%-ға аз. Бірақ транзакциялар саны 17,2%-ға қысқарды (39,9 мың). Орташа бір аударым көлемі керісінше 17,3%-ға өсіп, 386,1 мың теңгеге жетті. Осылайша, шетелден келетін орташа аударым бір жыл ішінде алғаш рет Қазақстаннан шыққан аударымдардан асып кетті.
Қазақстаннан аударылатын ақшаның басым бөлігі Ресейге кетіп жатқан көрінеді. Елімізден Ресейге аударымдар көлемі 9,5%-ға өсіп, 16,8 млрд теңгеге жеткен. Ресейдің үлесі жалпы аударымдар көлемінде 44,2%-ды құрады (бір жыл бұрын – 37,6%).
Басқа бағыттарда аударым үлесі төмендеу. Айталық: Түркияға аударымдар 30,5%-ға азайып, 6 млрд тг-ге, Өзбекстанға 20%-ға азайып, 5,5 млрд тг-ге жетті.
Шетелден келетін аударымдарда да Ресей бірінші орында — 3,3 млрд тг (1,3%-ға өсті). Одан кейін АҚШ (2,6 млрд тг), Түркия (2 млрд тг) және Өзбекстан (1,7 млрд тг). Оңтүстік Кореядан аударымдар айтарлықтай азайып, 41,3%-ға төмендеп, 884,3 млн тг болды.


