Қазақстанда сәбіз күрт қымбаттады
Қазақстанда бір апта ішінде сәбіз бағасы 2,3%-ға өсіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары арасында ең жоғары қымбаттаған өнім атанды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының деректеріне сілтеме жасап Оinet.kz хабарлайды.

Мәліметке сәйкес, 4–11 наурыз аралығында сәбіз бағасы күрт көтерілген. Ал басқа көкөністерде баға өзгерісі онша жоғары болмаған немесе керісінше арзандаған. Мысалы, ақ қырыққабат 0,7%-ға, картоп 0,1%-ға қымбаттаған. Ал қияр 6,2%-ға, пияз 3,2%-ға, қызанақ 0,2%-ға арзандаған.
Жылдық көрсеткіш бойынша да сәбіз бағасы айтарлықтай өскен. Бір жыл ішінде ол 25,8%-ға қымбаттаған. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа өсімі 6,2% болса, елдегі жалпы инфляция деңгейі 11,7% болған.
Қазір Қазақстанда сәбіздің орташа бағасы килограмына 201 теңгені құрайды. Кейбір қалаларда баға бұдан жоғары: Жезқазғанда – 265 теңге, Қонаевта – 254 теңге, Ақтауда – 235 теңге. Алматыда сәбіз орта есеппен 198 теңгеден, Шымкентте – 208 теңгеден, Астанада – 196 теңгеден сатылып жатыр. Ең төмен баға Павлодарда тіркелген – килограмы шамамен 129 теңге.
Ауыл шаруашылығы министрлігі көкөніс бағасының көктемде өсуі маусымдық факторларға байланысты болуы мүмкін екенін бұрын да ескерткен.


