Қазақстандықтар табысының 57%-ын азық-түлікке жұмсайды
2025 жылдың шілде–қыркүйек айларында қазақстандықтар барлық тұтынушылық шығындарының 57,2%-ын азық-түлікке жұмсаған. Мұндай деректі Finprom.kz сарапшылары келтірді, деп хабарлайды Оinet.kz.

Сарапшылардың атап өтуінше, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 10–15%-дан аспайды. Ал 57,2% – 2021 жылдан бергі ең жоғары деңгей. Тек пандемияның алғашқы жылында ғана азық-түлікке жұмсалатын шығын бұдан жоғары болған (58%). Ол кезде локдаундар мен кәсіпорындардың тоқтауы салдарынан халық табысы азайып, табыстың басым бөлігі ас-ауқатқа кеткен.
Соңғы жылдардағы динамика да алаңдатарлық:
2024 жылы – 54,5%;
2023 жылы – 55,7%;
2022 жылы – 55,2%.
III тоқсанда кей өңірлерде азық-түлік шығындарының үлесі одан да жоғары болды:
Жетісу облысы – 65,8%;
Түркістан облысы – 65,3%;
Алматы облысы – 62,2%.
Сарапшылар бұл аймақтардың аграрлық бағытта болуы және экономикалық даму деңгейінің төмендігімен байланыстырады.
Ал азық-түлікке ең аз қаражат жұмсаған өңірлер:
Қарағанды облысы – 50,6%;
Солтүстік Қазақстан облысы – 51,4%;
Ақмола облысы – 51,8%.
Қалалық тұрғындардың шығыны әсіресе мына тауарларға айтарлықтай артқан:
ет және ет өнімдері – 22,3%;
жеміс-жидек – 18,6%;
көкөніс – 16,8%;
май және тоң май өнімдері – 16,4%.
Сонымен қатар азық-түлікке жатпайтын тауарларға жұмсалатын шығын 240,9 мың теңгеден 220,2 мың теңгеге дейін азайған. Қазақстандықтар көбіне:
автокөлік тауарлары мен жанар-жағармайдан (–30,2%);
телефондардан (–19,1%);
түрлі техникадан (–7,2%);
жөндеу жұмыстарынан (–19,3%) үнемдеген.
Сарапшылардың пікірінше, шығын құрылымының мұндай өзгерісі халық табысының едәуір бөлігінің күнделікті тұтынуға кетіп жатқанын көрсетеді.


