Түркістан рухани туризм орталығына айналып үлгерді

Oinet.kz 12-11-2022 353

Screenshot_8.jpg

Түркі әлемінің рухани астанасы атанған Түркістан облыс орталығына айналып, аз ғана уақыттың ішінде төрткүл дүниеге таныла бастады. Әсіресе кесенеге зиярат етушілердің нөпірі артқаны айрықша аңғарылады. Бүгінде Түркістан рухани туризм орталығына айналып үлгерді.

Расында, «Әзірет Сұлтандай» киелі кесенесімен күллі әлемге танылған, әлем назарын өзіне аударған Түркістанда тәу етер киелі орындар жетерлік. Байқайсыз ба, барлық өңірдің өз мақтанышы, өз кәсібі, қайсыбір салада өз жетістіктері болады. Мәселен, қала туралы  айтыларда немесе жазыларда міндетті түрде оның алдына «қасиетті», «киелі», «тарихи», «ежелгі» деген сөздер жиі қосылады. Мұның өзіндік себебі де бар. Яғни, қасиет пен құт қонған киелі жерлері, тәу етіп кетер қастерлі орындары, ел қорғаған  батырлары мен аңызға арқау болған тұлғалары жерленген тарихи орындары мол, осылайша тарихы тереңде жатқан жәдігер қала болса керек. Иә, бізде киелі орындар өте көп, оған алыс-жақыннан ат арылтып келушілер, яғни туристер нөпірі артуда. «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» бағдарламасына Түркістан облысының өзінен 24 нысан енген екен. Олардың барлығын саяхаттап шығар болсаңыз өңірдің тарихы терең және тылсым екеніне тағы да бір көз жеткізуге болады. Ендеше осынау қасиетке, әр адамға үміт ұялатар сенімге тұнып тұрған мекендер жайлы аз-кем айта кетейік. Айналасына шапағатын тигізіп, мәңгі ел есінде қалған аяулы аналарымызға арналған тарихи ескерткіштің бірі – Түркістан қаласынан Шәуілдірге бағыт алар жолдағы Гаухар ана кесенесі.

...Ел аузында қалған аңызға сүйенсек, Гауһар ана ХІІ ғ. өмір сүрген, ғұлама Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың қызы болған. ГауҺар ананың перзенті болмаған, бірақ бойына ерекше емшілік қасиет дарыған жан екен. Соның айғағы ретінде кесене айналасында емдік қасиеті бар су ағады. Дертіне ем іздеп келген, бала көтере алмаған жандар осы киелі мекенді медет етеді. Ниет еткен жанға емі дарып, бойына бала бітіп, асыл арманы орындалған соң, «ол балалар – сенің де балаларың» деген ұғыммен Гауһар АНА деп аталып кеткен деседі. 

Бүгінде «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының құрамына діни ескерткіш ретінде тізімге алынған. 2014-2015 жылдары осы мұражайдың қолдауымен Гаухар ананың басына кесене тұрғызылды. Бүгінде кесенеге ниет етіп келсеңіз, емге шипа болған суға алыс-жақын жерлерден зиярат етіп келушілерді көптеп кездестіресіз. «Әркімнің өз мақсат-ниеті, тілегі бар. Гауһар анамыз тегін адам болмаған. Қаншама басына тәу етіп келген адамдар шипа судан айығып, балалы болып жатқандар бар. Арасында аяғы ауыр келіншектер келіп сәбиіміз иманды, ниеті түзу, білімді, қадірлі болсын деген сеніммен су ішіп, суына түсіп кетіп жатады»,-дейді сол жердің имамы Оразғали аға. Біз барғанда таң қалдырған нәрсе, ол – мүлгіген тыныштық. Адам қанша көп болғанымен, киелі орынның бір сәтке сенің бойыңа сыйлайтын жан тыныштығы, денең босап, ерекше рухтанып, шынайы демалып қалғаныңды байқайсың. Тылсым күштің барына таңдана да таңырқап қайтасың...

Қонақ үйлер туристерді қабылдауға сақадай сай дайын
Тайқазан Түркістанға бақ-береке алып келді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу