Қалада қонақүйлер саны 60-қа жақындады

Oinet.kz 11-11-2022 197

Screenshot_4.jpg

Қысы-жазы қыдырып, саяхаттауға қолайлы қала болғандықтан, Түркістанға келген туристерге ең бірінші қала қонақжайлылығы мен қызметтердің сапасы маңызды. Бүгінгі таңда бұл мәселеде де оң өзгерістер бар екенін байқап келеміз. Әсіресе, туристердің «орналасу орындары (қонақүйлер, хостелдер) өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артқан» – дейді мамандар. 

Былтыр 46 қонақүй келушілерге қызмет көрсетсе, биылғы жылы олардың саны 57-ге жеткен. Ал жоғары санатты қонақүйлер саны оннан асқан. Сондай-ақ, қазіргі таңда жеке инвестиция есебінен салынып жатқан қонақүйлер, демалыс орындары, ойын-сауық орталықтарының құрылыс жұмыстары да қарқынды. Жақында ашылатын «Түркістан молл» сауда орталығы, «Түркістан плаза», «Отау» сауда орталығы, «Медина Палас» қонақүйі секілді сәулетті ғимараттар да тек қазақстандықтар емес, шетелдік қонақтардың да көңілінен шығады деп күтілуде. Талғат мырзаның айтуынша, салауатты өмір салтын насихаттап, қала халқын іскерлікке баулу мақсатында «Теннис» орталығы, Бизнес орталықтарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 

Одан бөлек Түркістанда елімізде теңдессіз туристік-рекреациялық орталық салынды. Аталған орталық су спорт түрлерімен айналысуға және жағажай туризмін дамытуға үлкен үлес қосып, қаланы көгалдандыруға, ауа райын жақсартуға да әсер ететінін айта кеткен жөн.

Қаланың қақ ортасында орналасқан айрықша орталықтың маңынан ашылған Президент саябағына да соқпай кету мүмкін емес. Тұрғындарға да қуаныш сыйлаған саябақтың жалпы аумағы 40 гектарды алып жатыр. Мұндағы сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық жасанды көлде қайықпен серуендеу, су спортымен шұғылдану секілді мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар «Визит Түркістан» орталығы да қала бойынша экскурсиялар жүргізіп, саяхатшылардың уақытын қызықты әрі тиімді өткізуге үлес қосуда. Қолжетімді баға мен сапалы қызмет көрсетуді негіздейтін туристік нысандардың әрқайсысы Түркістанның болашағына, дамуына тікелей әсер ететіні анық.

Туристерге қалада түрлі тур пакеттер ұсынылады
Туристерге сапалы сервис көрсету басты назарда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу