Құнды мұраны іздеп келетін туристер қарасы мол
Түркістан облысы әкімдігі, "Әзірет Сұлтан" музей-қорығы, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен өткен "Ескерткіштерді қорғайтын халық" құнды мұра, қасиетті орындар мен тұрақты туризм бойынша халықаралық конференция аясында түрлі тақырыптарда панельдік сессиялар, семинарлар болып өтті. Бұл туралы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік музей-қорығы хабарлады.
Солардың бірі түркиялық доктор Ертогрыл Алидост пен өзбекстандық реставратор ғалым Мавлюда Юсупова модераторлығымен "Киелі орындарды сақтау, қалпына келтіру, құжаттамасын жүргізу" тақырыбында өткен панельдік сессия. Бұл сессияда бабалар мұрасын қалпына келтіру саласындағы сарапшылар практикалық тәжірибелерімен бөлісті. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін одан әрі сақтау бойынша өз ұсыныстарын білдірді.
Сондай-ақ ЮНЕСКО жанындағы Дүниежүзілік мұра комитетінің өкілі Она Вилейкистың модераторлығымен "ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысаны үшін жоспар менеджментін әзірлеу" тақырыбында басқару бойынша практикалық семинар өтті. Семинар барысында арнайы шақырылған сарапшылар Дмитрий Воякин, Габриэль Кабальеро, Кай Вейз презентациялар жасады.
Аталған ғылыми жиындарға шетелдік ғалым-мамандар, "Әзірет Сұлтан" музей-қорығының басшылығы мен қызметкерлері, "Қазреставрация" өкілдері қатысты.