Түркістанға ірі мейрамхана желілері келуде
Қазіргі таңда Түркістан қаласында үлкенді-кішілі 65-тен астам мейрамхана-кафелер өз қызметтерін халыққа тиісінше ұсынып отыр. Көптеген ірі мейрамхана желілері киелі шаһарға келіп, өз кәсіптерін бастауда. Биыл қаладан жаңадан ашылған «Сандық» дәмханасына барып, ерекше таңданысын білдірген Сәуле былай дейді:
«Еліміз қонақ күтіп, той-жиын өткеретін орыннан кенде емес. Таяуда, «Сандық» дәмханасына барып, ерекше стильдегі мейрамханалардың ашылып жатқанына тәнті болдым. Қазақтың тағамдары мейрамхана бизнесіне ыңғайлауға келмейді деген стереотип бар еді. Қайдан?! Қазақтың ұлттық тағамдары біздің білетінімізден де көп болған екен. Соны мейрамханаға бейімдеп жасалғанын көріп қуандым. Мысалы, дәмханада ет, сүт, құрт, ірімшік, малта, дәнді дақылдардан жасалған тағам түрлеріне көз сүрінеді. Мұның бәрі иммунитетімізге пайдалы. Ата-бабаларымыз кезінде осы тағамдарды жақсы үйлестіре білген, сондықтан ағзамызда дәрумендер жеткілікті болған екен. Бауырсақ, шелпек, тәттінің түр-түрі назарымызды аудартты.
Мұнан бөлек, ұлттық нақышта жасалған интерьер: қазақтың тақыр-түкті кілемдері, оюлы жастық-көрпешелері, денсаулыққа пайдалы ағаш ыдыстары, айтып өткен тағам түрлері дәмхананы ерекшелендіріп тұрғаны жасырын емес. Құдды бір бұрынғы заманда өмір сүріп жатқандай, солардың кейіпкерлерінің біріндей сезінесің. Сондағы оюлы түкті кілемдерді үйме-үй аралап жинаған дейді. Идеядан терең ізденіс пен еңбекқорлық сезіліп тұр. Біз риза болып қайттық», - дейді мейрамхана клиенті.