Түркістандық азамат туған жерден мейрамхана ашуды мақсат тұтқан

Oinet.kz 16-11-2022 309

Screenshot_6.jpg

Түркістанда мейрамхана-кафелер кәсібі жанданып келеді. Халық қазіргі таңда мейрамханаларға тек тамақ ішу үшін емес, эстетикалық ләззат алу үшін барады. Бұл жөнінде халыққа түрлі қызмет көрсету кешенін және «Эдем» мейрамханасын қалада алғаш болып ашқан білікті кәсіпкер Мухаббат Ибрагимова былай дейді: 

«Рас, қаламызда мейрамхана, кафе сияқты қоғамдық орындар көп ашылуда. Олардың қызмет көрсету сапасы да жақсы жолға қойылған. Бұл бір жағынан, қаламызға жыл сайын туристердің көптеп келуіне байланысты соған лайықты болу үшін деңгейдің артқанын көрсетсе, екіншіден кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін білдіреді. Десе де, мейрамхана ашу ісі оңай емес. Бұл алдымен мол қаражатты, ізденісті, жауапкершілікті, зор еңбекті талап етеді. Кез келген кәсіп өз брендін қалыптастыру үшін біршама қиындықтардан өтеді, онымен күреседі, жеңіледі, тек мақсат қойып, алға нық ұмтылған жан ғана барлығын жеңеді деп білемін. Сол сияқты біздің отбасылық кешенді ашуда да қиыншылықтар аз болған жоқ. Нарық заманына ілесе отырып, ресторанның жоғары деңгейде қызмет көрсетуіне барынша жағдай жасадық. 

Жалпы, мейрамхана ашу үшін барлығына жіті көңіл бөлу керек, ең алдымен бармағынан бал тамған жақсы аспаздың осы кәсіптің ілгерілеуінде маңызы зор. Әр мейрамхананың өзінің тұтынушы іздеп келетін сүйікті асы, яғни аталмыш асхананың ерекшелігін білдіретін өз фирмалық тағамы болады. Мысалы, бір тұтынушымыз баклажаннан дайындалатын тағамдарымызды ұнататыны сонша, ол тек сол тағам үшін біраз жылдан бері мейрамханамызға үзбей келіп тұрады. Сол секілді кәуәптің ерекшелігі үшін бас сұғатын тұрақты тұтынушыларымыз бар. 

Сонымен қатар, осы тағамды әкеліп беретін тәжірибелі даяшының, сыпайы әкімгердің, ресторан ішін заманауи безендіретін дизайнерлердің еңбектері зор. Міне, осылардың барлығын үйлестіріп, көзін таба білген адамдардың мейрамхана және қонақүй бизнесінде жолы болады деп ойлаймын. Өзіме кезінде үлкен қалаларда ойлаған кәсібімді ашу туралы ұсыныстар түскен болатын. Бірақ «Туған жерге туыңды тік» демекші, мен ол кезде кішкентай болса да кәсіпті осы Түркістанымызда ашайық, қаламызды әсем бір нысанмен толықтырып, алдағы уақытта дамуын көрейік», - деп ниеттеніп, бүгінде қаламыздың осындай дәрежеде дамып келе жатқанының куәсі болғаныма ерекше қуанамын», - дейді кәсіпкер.

«Grand Miks» жиһаз үйі 150 адамды жұмыспен қамтуда
Түркістанға ірі мейрамхана желілері келуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу