Түркістанда қоғамдық тамақтану орындары қазынаға өз үлесін қосуда
Түркістан қаласында көптеген нысандар ашылып, халық игілігі үшін жұмыс істеуде. Әсіресе мейрамхана кәсібі зор қарқын алып келеді. Мейрамханаға келіп тамақ ішіп, демалғысы келетіндер саны күрт артқан. Қоғамдық тамақтану орындары қала экономикасының дамуына зор үлес қосады. Олар салық төлеп, қазынаның қампаюына күш салады.
Студент Мирас достарымен мерекелерде, туған күндерде қаладағы «Мята» кафесіне жиі барып тұратынын айтады.
«Ол жер жайлы және қызмет көрсетуі де тамаша. Қонақтарды қуанту үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Асханасы дәмді, жастарға өте ыңғайлы. Атмосферасы жайлы болғандықтан, сонда біраз достар таптық. Олардың да көпшілігі сол жерге барғанды ұнатады», – дейді Мирас.
Қалада мейрамхана, тамақтану орындарының көптеп ашылғанына дүкенде сатушы Гаухар апай да қуанады. «Себебі, біраз студенттердің, жастардың қосымша жұмыс істеулеріне мүмкіндік бар. Тойханаларда жұмыс істеп жүрген біраз таныстарым қаражатпен қоса, үйлеріне артылған тамақты да алып қайтатындарын қуанып айтып жатады. Демек, мұның халыққа пайдасы мол. Мейрамханалардың табыстары мол болған соң, көптеп ашылып жатқан болар. Түркістандықтар қонақжай халық, түсте де, кешке де жиын өткізіп жатады. Оның игілігінің бір ұшын қарапайым халық та көруде. Кейде жаңадан ашылған орындардың кемшілігі байқалады. Даяшылардың қызмет көрсетуі, тағамдарының дәмі сияқты шағымдар болмай тұрмайды әрине. Бірақ «көштің жүре түзелетінін» ескерсек, бір-бірінің артықшылықтарын, жетістіктерін көріп, түзеледі, үлкен қалалардағыдай мінсіз қызмет көрсету жағдайына жетеміз, деп ойлаймын», – дейді сатушы.