Түркістандық кәсіпкерге Шымкент, Астана, Қарағандыдан да тапсырыс беретіндер көп
Түркістандық Жанат Тұрғанбаева қаладан «Тәтті әлемі» түрлі кондитерлік өнімдерін дайындайтын орталық ашқан. Мұнда дәмі тіл үйірер тәттіден көз сүрінеді.
«Мұны кәсіп етіп, қолға алғаннан кейін, отбасымызды осымен қамтамасыз етіп отырған соң, әрине үлгересің. Үлгермеу мүмкін емес, бізде жұмыс қызып жатыр. Біздің үй ішінен ашылған цехымызда бүгінгі таңда 30-ға жуық адам жұмыс істейді. 120 мыңнан астам айлық алады. Олар өздеріңіз көріп отырғандай, кондитер өнімінің әртүрлерін жасап шығарады. Мысалы, күніне 50-ден астам торт түрлері, 1000-ға жуық самса шығарылады, одан бөлек үй жағдайындағы түшпара, қуырылған түшпара қолдан бүгіліп дайындалады. Мұның бәрі, сөзсіз қол еңбегін қажет ететіндіктен, бізде шебер қыздар әрқайсысы өзінің үйренген ісін мұқият жасап, алған тапсырысты уақытылы орындап, цехтың берекесін кіргізіп отыр десем болады.
Клиенттердің көптеп тартылуының себебі – ол дайындалатын өнім заттарының сапалы және таза табиғи өнімдерден жасалатын болғандықтан деп білемін. Мәселен, миндаль ұнын, жаңғақ түрлерін, кілегей қаймақ сияқты өте қажетті заттарды Шымкент, Астана, Қарағандыдан арнайы алдыртамыз. Өйткені, құрамында сапалы заттар болса, өнім де керемет шығады, халыққа да ұялмай ұсынасың. Осындай ойда болғандықтан, біз ең алдымен өнімнің бәсекеге қабілетті болуын мақсат етеміз», – дейді Жанат Тұрғанбаева.
«Содан жайлап тапсырыс ала бастап, нарықтық заманға сай ілесіп, сұранысы мол орындардың біріне айналдық. Қолда мүмкіндіктер барда, неге жан-тәніңмен еңбек етпеске? Әлде де мұнымен тоқтап қалмай, қаладан бірнеше тәттілер сататын сауда орындарының нүктесін, сонымен қатар кофеханалар аштық. Тәубе, қаламызда студент жастар аз емес. Түрлі тәттілері мен дәмді кофе, сусындары бар кофеханаларымыз келушілерге өз қызметін ұсынуда. Ортаға таңғажайып торттарды алып, туған күн кештерін, кездесулер өткізуге әрдайым келетін қонақтарымыз, клиенттеріміз қызметімізге дән риза», –дейді кәсіпкер.