2,5 млн теңге грант ұтып алған түркістандық кәсібін дөңгелетіп кетті

Oinet.kz 05-11-2022 375

Screenshot_1.jpg

Түркістан қаласында өз ісін ашып кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар көбейіп келеді. Соның ішінде ұлттық киімдерді заманауи нақышта әрлеп, оны кәсіпке айналдыра білген «Бикеш» сән үйі бар. Бұл үйді Шәрбану Дурманқызы басқарап отыр. 

«Мен өз кәсібімді 2019 жылы бастадым. Бұл кәсіпті таңдауымның негізгі себебі, ұлттық өнеріміздің өркендеуіне өзіндік үлесімді қосу, кішкентайымыздан әже-апаларымыздан көрген қазақы нақыштағы дүниелердің ғұмырын жалғастыру еді. Алғаш «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында оқып, сертификат алдым. «Атамекеннің» қолдауымен 505 мың теңге көлемінде грантты жеңу арқылы осы істі бастадым. Сол қаражатқа тігін машинасын алып, тапсырыстар қабылдай бастадым. Бүгінде 100-ге жуық қыздардың жасауын дайындап, тапсырысшылардың талабынан шықтым. Сонымен қатар, қазіргі заманға сай білімімді жетілдіру мақсатында осы ұлттық қолөнердің насихатталу жолында зор еңбек етіп жүрген белгілі тігінші, он саусағынан бал тамған қолөнер шебері Гүлстан Жандосқызынан офлайн сабақ, танымал этнодизайнер Ырза Тұрсынзада ханымнан онлайн сабақтар алдым», –дейді сән үйінің басшысы Шәрбану Дурманқызы. 

Кәсіпкер жасайтын бұйымдар қол еңбегінен басқа түрлі материалдарды, алуан түрлі құрал-жабдықтарды қажет етеді. Бұл орайда кәсіпкер «шығын болмай, кіріс болмайтынын» ескеріп, тәуекел етіп өз қаржыма сеніп іс бастағанын айтады. Оған «Атамекеннің» қолдауымен алған қаржы айтарлықтай көмегін тигізген. 

««Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен және AIKA ALEMI-мен бірлесіп ұйымдастырған «Қолөнер бренді және өнім» атты оқу курсынан сәтті өттім. Сөйтіп өткен жылы 2,5 млн теңге көлемінде тағы грант алдым. Осылай өзімді жігерлендіру арқылы ісімді жалғастырып жатырмын», – дейді кәсіпкер.

Осылай ісін сәтті бастаған кәсіпкер бүгінде шәкірттеріне үйретіп, жұртты жұмыспен қамтуда. Тапсырысқа қарай көмекшілерді шақыртып отырады. Бүгінде жанында 3 қыз тұрақты жұмыс істейді.

256 азаматқа қайтарымсыз мемлекеттік грант қаражаттары ұсынылды
Түркістандық кәсіпкерге Шымкент, Астана, Қарағандыдан да тапсырыс беретіндер көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу