Түркістанда кабель шығаратын зауыт салынады
Кәсіпкерлік қызметте инвестициялық жобалардың орны ерекше. «Sembol Construction» компаниясы Түркістанға кезекті инвестициясын салып, ауқымды жобаларды жүзеге асырмақ. Атап айтсақ, өңірде кабель және керамикалық өнімдер мен сантехника шығаратын зауыт ашуға ниетті. Бұл орайда компанияға арнайы экономикалық аймақтан жер, инфрақұрылым ұсынылмақ. Бұл туралы қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Компания ұсынып отырған екі жоба жүзеге асса, өңір экономикасына оң серпін береді деп күтілуде. Бірінші жоба – кабель шығаратын зауыт. Оның инвестициялық құны – 84 млн АҚШ доллары. Кабель өнімдері мен түрлері шығарылатын зауытта түркістандықтар жұмыспен қамтылады. Жылына 12 мың тонна өнім шығару жоспарланған. Екінші жоба – керамика өнімдері мен сантехника шығаратын зауыт. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 6 млн шаршы метр. Инвестициялық құны – 150 млн АҚШ доллары. Зауыт салу жұмыстарымен осы салада тәжірибесі бар түркиялық компаниялар айналысады. Керамикалық өнімдер шығаратын зауытта Италияның құрылғылары орнатылмақ. Соңғы технологиялар қолданылады. Аталған зауыттарда 1000-ға жуық жұмыс орны ашылмақ.
Бүгінде Қазақстан кабель мен керамикалық өнімдердің басым бөлігін шетелден импорттайды. Нақтырақ айтсақ, елімізге 150 млн долларға керамикалық плиткалар, 37 млн долларға санфаянс, сондай-ақ 236 млн долларға кабельдер мен сымдар тасымалданған. Яғни Түркістанда іске қосылатын зауыттар арқылы отандық өнімнің үлесі артатын болады.