Индустриалды аймақта 857 жаңа жұмыс орны ашылды

Oinet.kz 05-11-2022 250

Screenshot_4.jpg

Түркістан қаласында орналасқан «Turkіstan» индустриалды аймағында 2016-2022 жылдар аралығында 8,6 млрд теңгені құрайтын 19 жоба іске қосылып, 857 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 900 миллион теңгені құрайтын «Асфальт бетон», «Газоблок», «Газобетон» зауыттары жыл соңына дейін іске қосылады. Ал баспанамен қамту саласында 2022 жылдың 9 айында 288,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Нақтырақ айтқанда 2 667 пәтерлі 42 тұрғын үй ел игілігіне тапсырылды. Бұл туралы қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Инфрақұрым бойынша да шаһарда оң өзгерістер бар. Қазіргі таңда қала аумағында 37 655 абонент таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін таза ауыз сумен қамту деңгейі 98,5%-ға жетпек. Ал сапалы электр қуатымен қамту көрсеткіші биыл 84,9%-дан 94,7%-ға артқан. Түркістан қаласын газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп, 39 937 абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылған. Бүгінгі күні көгілдір отынды 38 060 абонент дербес шот ашып пайдалануда. Бос жер телімдерін қоса алғанда толық табиғи газды пайдаланушылар саны биыл 95%-ға жетті.

Қала әкімінің айтуынша, жол саласында 2022 жылдың қорытындысымен қалада жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 37,4%-дан 40,3%-ға артпақ. Қала ішінде жалпы 21 бағытта 220 қоғамдық көлік қатынайды. Аталған көліктердің 78-і сыйымдылығы жоғары болса, қалған 142-сі шағын автобустар. Былтырдан бастап қала ішінде экологиялық стандарттарға сәйкес 78 жаңа автобус алынды, нәтижесінде қаладағы қоғамдық көліктердің 34% жаңарды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының республика бойынша 2 млрд ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасын орындау бойынша да өңірде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыс бойынша 5 жылда 132 мың гектар жерге 210 миллионнан аса көшет отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар облыс әкімдігінің бастамасымен Түркістанда 2019-2022 жылдары қала айналасынан 7700 гектар жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланды. Бүгінгі таңда барлығы 13629 гектар жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда. Алдағы уақытта «Жасыл белдеу» аумағын 30 мың гектарға жеткізу көзделуде. Бүгінде Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қала аумағында саябақтар мен аллеялардың көлемі артып, 495 гектарға жетті. Оған қоса, қала аумағында көгалдандырудың жаңа технологияларын қолдану нәтижесінде көшеттердің өнімділігі артып, газондардың жақсы өніп-дамуына қол жеткізілді. Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65%-ға төмендеген. Қаланың экологиялық жағдайы тұрақталып, анағұрлым жақсарып келеді. Бұған су жүйелерін жаңғырту, жасыл алқаптардың көбеюі, қаланың толықтай табиғи газ жүйесіне қосылуы оң әсерін беріп отыр.

Шетел инвесторлары есебінен 7 жоба іске асырылып, 278 жаңа жұмыс орны ашылды
Түркістанда кабель шығаратын зауыт салынады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу