Өнеркәсіп өнімі бойынша қаланың облыс көлеміндегі үлесі 2,9 пайызды құрады
Түркістан қаласында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, көптеген бағдарламалар қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жаратылуда. Мұның барлығы өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы саласында өз жемісін беруде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқаратынын атап өткен болатын. Бұл сала ең алдымен, тұрғындарға тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. «Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді», деді Президент.
Осы орайда Түркістан қаласы әкімдігінің бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Талғат Қыдырбаевтың айтуынша, кәсіптің керегесін кеңейтіп, көзін табам деушілерге бүгінде мол мүмкіндіктер берілген. Қазіргі таңда өнеркәсіпте, шағын және орта бизнес түрлерінде жетістіктерге жетіп жатқан азаматтар аз емес. Нақтырақ айта кетсек, өнеркәсіп саласында 2022 жылдың қаңтар-шілде айларында 10332,8 млн теңгенiң өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда (8813,5) өсім 1,1 % құраса, өнеркәсіптің басымды саласы өндеу өнеркәсібінде 6151,1 млн теңгенің өнімі өндіріліп, 2021 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда (5621,8) 109,4 %-ды құрап өсім беріп отыр. Электрмен жабдықтау, газ, бу беру көлемi 3293,9 млн теңгенi құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырған (2851,8) 115,5 пайызға артты. Осылайша өнеркәсіп өнімі бойынша қаланың облыс көлеміндегі үлесі 2,9 пайызды құрап, қала-аудандар бойынша 4 орынды иеленді.