Түркістанда 9 айдың қорытындысы бойынша 15408,9 млн теңгенiң өнімі өндірілді
Түркістан қаласында кәсіпкерлік саласы кең қанат жайып келеді. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков жыл басынан бергі 9 айдың қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне берген брифингте киелі шаһардағы кәсіпкерлік саласындағы жетістіктерге тоқталып өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерге жасаған іссапары барысында халықпен кездесуінде мемлекет кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау үшін тиімді тәсілдер қолданып жатқанын, гранттар, шағын және жеңілдетілген несиелер берілетінін атап өтті. Аймақтағы кәсіпкерлердің санын айтарлықтай көбейту үшін мемлекет тарапынан қолдау шараларын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ Президент ел ішінде бизнесті қолдау саясаты туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу қажеттігін ескертті.
Осы орайда, яғни кәсіпкерлікті дамыту мақсатында облыс орталығы Түркістанда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Түркістан қаласы бизнесті қолдау және туризм бөлімінің мәліметінше, өнеркәсіп саласында 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 15408,9 млн теңгенiң өнімі өндіріліп, 2021 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда өсім 1,1% артты, өнеркәсіптің басымды саласы өндеу өнеркәсібінде 9835,6 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 104,8 %-ды құрады. Электрмен жабдықтау, газ, бу беру көлемi 4220,9,0 млн.теңгенi құрап 120,9 пайызға артты.
Өнеркәсіп өнімі бойынша қала облыс көлемінде қала аудандар бойынша 4 орында. Биыл жоспар бойынша құны 706.8 млн теңге және 48 жұмыс орнын құрайтын 3 жоба 2022 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінде «Баянды Құрылыс» ЖШС мен "Оспан" ЖК құрылысы аяқталып іске қосылған, 37 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал «EuroBlock Production» жобасы құрылысы жыл аяғына дейін іске қосылады деп күтілуде. Сонымен қатар, 2022 жылы индустриалды аймаққа құны 3 млрд теңге болатын және 166 жаңа жұмыс орнын құратын 4 жоба тартылып, Өңірлік Үйлестіру Кеңесінің оң қорытындысын алды және «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына» ұсыну жұмыстары жүргізілуде.