Түркиялық компания Түркістанда кәсіпорын ашады
Түркияның «Işiklar Holding» компаниясы Түркістанда ірі өндіріс орнын ашуға ниетті. Жақында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған компания басшыларымен онлайн режимде келіссөз жүргізіп, жобаларды талқылады. Келіссөзге «Işiklar Holding» компаниясының бас директоры Волкан Гиришкен мен «Işıklar Paper Sack Co. Ltd.» компаниясының бас директоры Хусейн Ока және Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сапиев қатысты. Облыс әкімі Түркістанда инвесторларға қолайлы жағдай жасалатынын жеткізді. Қысқаша айтқанда Түркияның «Işiklar Holding» компаниясы Түркістанда ірі өндіріс орнын ашуға ниетті.
– Түркістан қаласының келешегі жарқын. Ауқымды жоспарлар бар. Арнайы экономикалық аймақта инвестоларға қолайлы жағдай жасаймыз. Одан өндірісті дамыту бағытында көптеген істер атқарылады. Әсіресе түркі мемлекеттерінен келетін кәсіпкерлер өңірімізде жемісті жұмыс істеп жатыр. «Işiklar Holding» компаниясының ұсынысын қолдап, бірлесе жұмыс істеуге, бұдан да бөлек өндіріс орындары бойынша әріптестік орнатуға дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.
«Işiklar Holding» компаниясының бас директоры Волкан Гиришкен Түркістандағы браунфилд аумағында құрылыс материалдарына арналған қаптамалар шығаратын зауыт ашуға ниетті екендерін жеткізіп, жобаны таныстырды. Инвестор Түркістандағы жобаға 12 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отыр. Жобаның бірінші кезеңінде 5 млн. доллар көлемінде инвестиция салып, 50 адамды жұмыспен қамту көзделген. Келіссөздер сәтті аяқталып, инфрақұрылым мен жер әзірленсе, жоба 2023-2024 жылдары жүзеге аспақ.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық инвесторларды Түркістанға шақырды. Сол кездесуде екі тарап мәселені жан-жақты талқылап, тиісті келісімдерді қарастырады.
«Işıklar Holding» компаниясы 1974 жылы химия, агроөнеркәсіп, энергетика және экономиканың басқа да салаларында өз қызметін жүргізетін компаниялар тобы ретінде құрылған. Бүгінде аталған компания әлемнің 50-ден астам еліне өз өнімдерін экспорттап отыр.
Шетелдік компанияларды тарту арқылы мол инвестицияға қол жеткізуге болады. Елге инвестиция келген кезде жаңа жұмыс орындары ашылып, көптеген азаматтар жалақы алып, өз отбасыларын асырайды. Бұл өз кезегінде мемлекетке алақан жаймауға, әр адам өз күнін өзі көруге зор мүмкіндік. Жұмыс орны ашылып, тұрғындары жұмыспен қамтылғанда мемлекеттік экономикасы қарыштап дамитыны белгілі. Халықтың материалдық жағдайы жақсарып, өзі қалаған заттарын сатып алып, елде тауар айналымын арттырады. Осы орайда инвесторлармен тығыз жұмыс істеп, елге тарта білген аса маңызды. Алдағы уақытта Түркістан қаласында тек жалғыз түркиялық компания емес, басқа да шетелдік компаниялар келіп, қаланың экономикасының, әл-ауқатының артуына зор үлестерін қосатын болады. Осы бағытта жұмыс қарқыны төмендемейді.