«Turkistan» АЭА жұмыссыздықты жоюға күш салады

Oinet.kz 10-11-2022 291

Screenshot_3.jpg

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды  «Turkistan»  арнайы экономикалық аймағына барғанда кәсіпкерлерді қорғайтын және дамытатын, өткізу нарығына жол ашатын, өнімділікті ұлғайтып, қазақстандық өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын тиімді өнеркәсіп саясатын, сонымен қатар, ашық әрі прагматикалық салықтық-бюджеттік саясат қалыптастыру керектігіне назар аударды. Индустрияландыру картасы аясында экономикалық аймақтың табысты дамуына жаңа серпін беретін өнеркәсіптер мен аймақтардың инфрақұрылымын жандандыру мәселелеріне басымдық беріледі. 

Бұл аймақтар – өндіріске инвестиция тартудың негізгі алаңдарының бірі. Себебі, оның аумағында орналасқан кәсіпорындарға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер ұсынылады. Атап айтқанда, кәсіпорын ашу үшін инвесторға барлық инфрақұрылым желілері жүргізілген жер телімі тегін беріледі. Оған қоса мұндағы компаниялар жер салығы, мүлік салығы мен корпоративті табыс салығынан босатылады. АЭА аумағында тауар өндірушілерге электр қуаты арзандатылған тарифпен беріледі.

Сонымен қатар, экономика ғылымдарының кандидаты Мадияр Кенжеболат бұған дейін «Turkistan» АЭА туралы былай деп еді:

«Барлық арнайы экономикалық аймақтар үшін ортақ бір мақсат бар. Ол – Қазақстанның экспорттық әлеуетін көтеру және экспорттық тауарларды әртараптандыру. Біздің экономикамыз көбіне-көп шикізатқа арқа сүйеп келгендіктен, оған шектен тыс тәуелді болып қалдық. Мұнайдың бағасы құлдыраса, дағдарыс басталып кетуі мүмкін. Соңғы жылдары шикізаттың шылауынан шығып, тауарларды тереңдетіп өңдеуге, экономиканы барынша әртараптандыруға тырысып жатқанымыз осыған байланыс­ты. Бұл орайда басқа арнайы экономикалық аймақтармен қатар, «Turkistan»-ға да салмақты міндет жүктелуі тиіс. 

Оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстанның басшылығына жаңа президент келгеннен кейін мемлекет басқа елдерге есігін айқара ашты. Ал 30 миллион халқы бар ел – үлкен нарық. Егер «Turkistan»-да өндірілген өнімдер Өзбекстанға шығарылса, бұл үлкен жетістік болады. Оған қоса, біздің оңтүстік өлкеміздің өзінің халқы да 3 миллионнан асады. Еліміздегі халық саны ең көп аймақ – осы Түркістан облысы. Іргелес орналасқан Жамбыл, Алматы облыстарының, Алматы қаласының да айтарлықтай көп халқы бар, үлкен нарығы бар. Яғни, «Turkistan»-да өндірілген тауарларды тұты­натын халық жеткілікті. Осы жағынан алғанда, арнайы экономикалық аймақтың әлеуеті өте зор деуге болады». 

Дәл осылай деген ғалым арнайы экономикалық аймақтың болашағы зор екендігін нық сеніммен баяндаған еді. Расында да бұл жоба үмітті ақтады. Қазір «Turkistan» арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 650,772 млрд. теңге тұратын 91 жоба жүзеге асады. Бүгінде 65 жобаның іске қосылуынан 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Барлық жоба бойынша 8 мыңға жуық адам жұмысқа орналасады.

«Turkistan» арнайы экономикалық аймағы арқылы қалаға инвестиция тартылмақ
«Turkistan» АЭА-да ірі кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу