Таланттарды ауылдан іздеу керек - Айдар Сейдазым

Oinet.kz 25-08-2022 560

 Screenshot_1.jpg

Жақында Түркістан облысының теріскейінде жатқан Созақта аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтың өңірдегі ақын-жазушы, журналистермен кездесті. Қасиетті қаламының құдіретімен тас болып қатқан талай түйінді тарқатқан бір топ теріскейлік журналистер аудан әкімімен еркін форматта әңгіме-дүкен құрып, қоғамдағы көптеген өзекті мәселелерді талқылады. Бұл басқосуға Қазақстан Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай, Қазақстан Жазушылар Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым, Созақ ауданының құрметті азаматы Мыңжасар Асқарұлы, Созақ аудандық мәслихат депутаты,  «Созақ үні» газетінің аға тілшісі Нұржамал Майуосва, жергілікті ақын Гүлнәр Өмірбек және бір топ жас ақын-жазушылар, журналистер арнайы қатысты. 

Қазақстан Жазушылар Одағының Түркістан облыстық филиалының басшысы Айдар Сейдазым нағыз таланттар – ауылдарда екенін айтты. Қазіргі таңда еліміздің руханият жанашырлары өзекті тақырыпта роман жазатындарға «Меценат» сыйлығын тағайындап, жеңімпазға өмір бойы ай сайын 500 АҚШ долларын беріп отырады. Мемлекет тарапынан жылдан-жылға әдебиет саласына қолдау күшейіп келеді. Бірақ соған лайық қаламгерлер аз болып тұр. Қазір сұранысқа ие болып тұрған проза жанрында жазатындар бірен-саран. Сол себепті де балаларды әдебиетке қызықтыра білген абзал. 

– Таланттар – ауылда. Талантты іздеп табу керек. Көпшілік талант бұйығып жатып өздерін көпшілікке көрсете бермейді. Ауыл балаларына тән ұяңдықтан аттап кете алмай, көп жерде есесін жіберіп қойып жатады. Өздерін аша алмайды. Осының салдарынан талант іштен бұлқынып шыға алмай өліп жатады. Біз бұндай,а жол бермеуіміз қажет. Осы орайда аудандарда мектеп оқушыларымен әдеби кездесулерді жиі ұйымдастырып, түрлі байқаулар өткізіп тұрса, арасында жарып шығатындар болады. Байқауда оқушылар өздерін көрсетіп алға ұмтылады. Оқушылар бір-бірімен жарысқанда ғана бойларын мотивация пайда болып, нәтиже көрсетуге тырысады. Осындай ұмтылыстар болған жерде шынайы бәсеке болады. Шынайы бәсеке – жоғары сапаға алып келеді. Сапалы дүние қоғамды алға жетелейді. Сондықтан да оқушылармен тығыз жұмыс істеу аса маңызды. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» демекші, балаға қанаты қатаймаған кішкентай кезінен қолдау көрсетіп, алға жетелеу керек. Ес білгенінен ересектердің қолдауы мен демеуін, жылы сөзін естіп өскен бала болашаққа нық сеніммен қарап, қиын жағдайда өзін қолдайтын жанашырлары барын біліп өседі. Ол жанашырларын қуантуға барын салады. Сол себепті де Созақта тек әдебиетте емес, барлық салады жетістікке жететін оқушылар шығады деп сенемін, - деді Айдар Сейдазым.   

Ысқақ баб кесенесі сан ғасырлық тарихын ішіне бүгіп жатыр
Созақтық ақын-жазушылар өз ұсыныстары мен талап-тілектерін білдірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу