Ысқақ баб кесенесі сан ғасырлық тарихын ішіне бүгіп жатыр
Түркістан облысы, Созақ ауданында орналасқан Ысқақ баб кесенесінің қайта салынуы жайында белгілі тарихшы Зікірия Жандарбек мына аңызды еске түсірді.
Баба ата кесенесінің тұрғызылуы жайлы басқа аңыздарға ұқсай бермейтін өзгешелікті байқауға болады. Қазақтар мен қалмақтар арасындағы шапқыншылық жылдарында Баба ата басына тұрғызылған мазар қасақана қиратылады. Сол тұста айналасында отырған халық та тоз-тоз болып жан-жаққа босып кетеді. Қайтадан бейбітшілік заман орнап, халық басы құралған кезде, Баба ата мазарының анық қай жерде екенін жұрт таппай қалады. Кесенені қайта көтермек болған халық орны қайда екенін тап баса алмай әбігерге түседі. Сол кезде ауылдың бір көнекөз қариясы, «Баб атаның анық қай жерде жерленгенін білудің бір ғана жолы бар» – дейді. Түнде сол жерге барып жасырынып жатып, бақылау керек. Таң таянып, шолпан жұлдызы туған кезде, Ысқақ бабтың қабірі үстінде қабылан пайда болады. Қабылан тұрған жерді дәл белгілеп алса, сонда жерленген болып шығады, – дейді. Жұртшылық ақсақалдың айтқанын істеп, түнде сол маңды бақылауға шығады. Айтқанындай таң саз бере қабылан пайда болады. Қабыланды өз көздерімен көрген адамдар Ысқақ бабтың – әулиелігіне тағы да көздері анық жетіп, сол жерді белгілеп алады. Келесі күні, қабылан тұрған жерді қазғанда Ысқақ Баба (Баб ата) сағанасына кіретін есіктің тура үстінен түседі. Ішке кіргенде жерленген кісі сүйегі мен Ысқақ бабтың туы, найзасын көреді. Қабірдің анық Ысқақ бабтікі екеніне көз жеткізген халық, бүгінгі күнге дейін жеткен кесенені тұрғызады.
Алыстан көз тартатын еңселі кесене үш бөліктен тұрады. Төріндегі сағанада – Бабтың қабірі орын тепкен. Оның сол жағында тағы бір шағын бөлмесі бар, ал кіре берісіндегі кең жай – құбылалы мешітте баба басына зияраттап келгендер намаз өтейді. Жұма күні ауыл тұрғындарының қатысуымен азан шақырылып, жамағатпен бірге апталық ғибадат орындалады. Кесененің кіре берісіндегі мешіттің төріне көнеден жеткен жәдігер – насабнама, яғни қожалар әулетінің шежіресінің көшірмесі қойылыпты. Бұл Ысқақ бабқа қатысты барлық сауалдарға жауап беретін тарихи құжат саналады.
Кесененің алдында қаз қатар тізілген төрт тас бағана туралы түрлі болжам айтылады. Бірі ат байлайтын қазық есебіндегі дүние десе, енді бірі қылыш жанитын қайраққа балайды.
Ал осынау бағаналардан әрірек тұста тарихы беймәлім ойық, шомбал тағы бір тас жатыр. Тастың алып адамның табан пішініне келетін ойығына аяғын салғандар, бойына ерекше шипа дариды деп сенеді. Мұның да кесене аумағында қайдан жатқандығы турасында да ешкім біле бермейді.
Сан ғасырлық тарихын ішіне бүгін жатқан Бабата кентінде қазір мыңнан астам тұрғын тіршілік етеді. Шырақшының айтуынша, мұнда алыс-жақыннан келетіндердің легі қысы-жазы толастаған емес. Сондықтан тиісті ұйымдар тарапынан аталған орынды туристік кешенге айналдыруға жағдай жасап, материалдық-техникалық базасын жақсарту шаралары іске асырылса дейді.
Облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай кесененің жай-күйімен танысып, шырақшының ұсыныстарын тыңдап, қордаланған мәселені тиісті орындарға жеткізіп, мәселенің оң шешілуіне ықпал етуге күшін салатынын мәлімдеді.