Ысқақ баб кесенесінің ерекшелігі жұртты таң-тамаша қалдырды
«Қасиетті Қазақстан» жобасына іріктелініп алынған 100 тарихи орын тізіміне еліміздің оңтүстік өңірінен 23 нысан енді. Жалпы аймақтан 104 аймақ ұсынылған болатын. Қалған 81 тарихи-мәдени ескерткіштер жергілікті маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің санатына енгізілді. Тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енген Ысқақ баб кесенесі Түркістан облысы, Созақ ауданындағы Бабата ауылында орналасқан. Үш бөлікті кесене 2003 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қалпына келтіріліп, іргесіндегі 400 балаға арналған медресе жөнделді. VIII ғасырда салынған нысанның маңында бірнеше қазба жұмыстары жүргізілген.
Бір ерекшелігі, кесенеге реставрация жұмыстары жасалған соң біраз мәселелер туындаған.
– Реставрациялық жұмыстардың салдарынан күмбезден су өтіп, ішкі қабаты қабыршақтана бастаған. Нешеме ғасырдан бері сақталып келген кесенеге соңғы 20-30 жылда айтарлықтай зақым тиген. Кесененің айналасын ретке келтіріп, тиісті күтім жасау жағына көмек керек. Мына құдіретті қараңыз. Ғасырлар бойы күмбезінен сыз өтпеген кесененің шатыры дәл осы реставрациялық жұмыстардан соң сыр беріп, жаңбыр жауғанда су тамшылай бастаған. Кесене тұрғызарда бабалардың қолданған технологиясының қыр-сырын қазіргі заманның ғалымдары қанша зерттесе де түбіне жете алмай отырғанына қалайша таңданбайсың? – дейді кесене шырақшысы Әнуар Ахметұлы.
Шырақшының сөзін тарих ғылымдарының кандидаты Бахадыр Айтай да қостады:
- Созақ ауданындағы әулиелі мекендерге зиярат етіп келіп жатқан азаматтардың көптігіне қарап осыны аңғаруға болады. Әсіресе Ысқақ бабқа келушілер көп. Осы кесенесі туристік мекенге айналдыруға болады. Кесенені тағы да реставрациядан өткізген абзал. Себебі кесененің, оның маңындағы құрылыстардың кірпіштері мүжіле бастапты. Уақыт өте берсе кірпіш мүжіліп кесененің сәулетіне зияны тиуі мүмкін. Сондықтан да реставрацияны жоғары деңгейде жасап, басты назарда ұстау керек. Көне заманнан келе жатқан осындай тарихи-мистикалық орындарды бағалауымыз қажет. Сонда ғана шетелден келетін туристерге барынша көрсетуге болады. Осы кесененің жанында ежелгі қала орны бар. Соны макетін, реконструкциясын жасап туристерге таныстырған абзал, - деді Бахадыр Айтай.