Ысқақ баб кесененің адам жанына берер шарапаты мен дәтке қуаты мол

Oinet.kz 14-09-2022 386

Screenshot_8.jpg

Түркістан облысы, Созақ ауданындағы көне Созақ – Қазақ хандығы дәуірінен аман жеткен  шаһар. Осы көне шаһардағы Бабата ауылының солтүстік шетінде жатқан Ысқақ баб кесенесінің де тұла бойы тұнған тарих. 

Жақында Ысқақ баб кесенесінің жай-күйімен танысуға арнайы құрылған делегация барды. Құрамында Қазақстан Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай, Қазақстан Жазушылар Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым, белгілі ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Бахадыр Айтай, Түркістан облыстық Мәдениет басқармасының жанындағы Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталықтың директоры Жандос Керімұлы, облыстық Мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы және тағы бірқатар қаламгерлер мен журналистер енген арнайы экспедициялық топ қазыналы Созақ даласының әулиелі мекендерін аралады. Кезінде Тұңғыш Президенттің арнайы бастамасымен республика бойынша «Мәдени мұра» бағдарламасы қолға алынып, еліміздегі ата-бабадан мирас болып қалған сан ғасырлық мұралар қайта жаңғыра түскен еді. Осы орайда Түркістан өңірінде жаңғырған мұралар аз емес. 

Ысқақ баб кесененің шырақшысы Әнуар Ахметұлы мұнда зиярат етіп келушілер саны көп екенін айтады. Себебі бұл кесененің адам жанына берер шарапаты мен дәтке қуаты мол. Келген зияратшылар кесене аумағына кіргеннен-ақ бойлары жеңілдеп, жандары жай табатын көрінеді. 

Шырақшының айтуынша, Баба ата (Ысқақ баб) Түркістан өлкесіндегі беделді дін иелерінің бірі болған. Оның қабірінің басындағы құлаған көне мазарының орнына ХІХ ғасырда жаңа кесене салынған. Жалпы көлемі – 21х13 метр. Төбесі екі күмбезді кірпіштен өріліп жабылған. Ішкі бөлмелері гипспен сыланып,  қабырғасы михрабпен безендірілген. Ғұламалығымен бүкіл елді аузына қаратқан Ысқақ баб әулиелердің сұлтаны атанған Құл Қожа Ахмет Ясауидің сегізінші бабасы.

Тарихи жазбаларда Ысқақ баб Түркістанға хижраның 150-ші жылдары, яғни қазіргі жыл санауымен алғанда 762-767 жылдары келгені айтылады. Сол кездегі дала түріктерінің ең соңғы шекарасы болып саналатын Қаратаудың терістігіндегі Қаракөз бұлағының маңына қоныс теуіп, тұрақтап қалған. Сол жерде мешіт, медресе салып, бала оқытып, жергілікті халықты исламға уағыздаған. Ысқақ баб қайтыс болған соң басына сағана орнатылып, ел арасында осы бір киелі жер Бабата елді мекені деп аталып кеткен.

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов осы өңірге 1959-61 жылдары келген. Бір сапарында ел басшыларынан астық қоймаға айналдырған кесенені босатып қоюды өтінген екен. Содан бері кезінде тіпті, қаракөл елтірісін соятын цех та болған баба кесенесін тазартып, шаруа жайға айналдыруын тоқтатқан. Ел тәуелсіздігін алып, өз мұрасына ие бола бастағанда азаматтар бас көтеріп үлкен ас беріп, жанындағы медресені жөндеуден өтікізіп, зиярат етушілерге жай салып, шырақшысын қойып халық игілігіне береді. Бір қызығы П әрпі үлгісінде салынған медресенің бір жартысын бұзып кезінде кесегін тасып кеткен екен. Кесененің де маңдайшасынан бастап бұза бастаған үш адамның табан астынан келген қазасынан кейін ешкімнің жүрегі дауламапты. 

Қарабура әулие кесенесіне жергілікті жұрттың құрметі ерекше
Ысқақ баб кесенесінің ерекшелігі жұртты таң-тамаша қалдырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу