Қарабура әулие кесенесіне жергілікті жұрттың құрметі ерекше

Oinet.kz 01-10-2022 376

Screenshot_7.jpg

Түркістан облысы, Созақ ауданында салынған Қарабура әулие кесенесі көпшілікке танымал. Қарабура әулие туралы ғылыми зерттеулер жоқтың қасы. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге сүйенсек, Қарабура әулие Қожа Ахмет Ясауидің замандасы әрі Әзірет Сұлтан қайтыс болғанда оның денесін арулап, жерлеуге қатысқан діни қайраткер ретінде сипатталады. Кейбір зерттеушілер Қарабура әулиені Қарахан дәуірінің нағыз гүлденген шағында өмір сүрген тарихи тұлға деп болжайды. Қазақтың ұлы ғалымы, этнограф Ш.Уәлиханов: «Қарабура – Тама руы­ның ұраны!», деп алғаш ғылыми мәлімет берсе, көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев: «Қарабура – тамаларға Қарахан мемлекетінің құрамында болған кезден қалған ұран» деп жазады. Созақтық өлкентанушы С.Тәбірізұлы: «Қарабура Созақта дүниеден өтіп, денесі осында қойылған. Оның кесенесі маңында Қарабураның екі қабатты мешіті болған және онда мың адам қатар тұрып намаз оқи алатын. Кеңес өкіметі орнаған заманда, дін иелерін қуғындаған кезеңде мешіттегі шайықтар мен діндарлар қуғынға ұшырап, мешіт жермен-жексен етілген», дейді. 

Жергілікті халық бұл қастерлі орынды әлі күнге «Бура хан әулие» деп әспеттейді. Тек бертінде ғана «Қарабура әулие» деген атау белең ала бастаған. Таяу жылдары әулие кесенесін өз бетінше қазғандар көптеген кітаптар тапқан екен, кейін оларды қайта көміпті. Шырақшының айтуынша, кесенеде әуелде жазу болған, оны әлдекімдер «Хасан» деп оқыған, алайда кейін таппай қалған. Бұл – маңызды мәлімет. Жазу мен кітаптарды қайта тауып, зерделегенде, ақиқаттың ашыла түсері анық. 

Осы дерекке иек артсақ, біздіңше, Қарабура – Шығыс Қарахан билеушісі Хасан Тамғаш Боғра хан болуы мүмкін. Біріншіден, осы уақытқа дейін Тамғаш Хасан Боғра ханның жерленген орны мен кесенесі жайында ешқандай нақты деректер кездеспей келді. Екіншіден, Хасан Боғра хан Қарахан хандығын құрайтын «яғма» тайпасынан тарайды. Қашқарлы Махмұд «яғма, шігіл, арғу тайпалары Қарахан мемлекетінің негізін қалаған ру-тайпалар еді» деп жазады. Сонда Қарабураның «руы» саналатын «тама» Қарахандар мемлекетіндегі «яғма» сөзінің дыбыстық өзгеріске ұшыраған түрі болса керек. Ал яғмалардың билеушісі «Боғра-хан» титулын білдіретін дереккөздің бірі – «Мүжмел үт-Теварих уал-Қысас» еңбегі. Расында Қарахан мемлекетіндегі яғмалардың тотемі – бура, «боғра» түрінде кездеседі. Қарахан әулетінен тараған билеушілер өздерінің есімдерінің алдына «Сатұқ Боғра хан», «Әли Арслан», «Ибраһим Тамғаш хан» сынды лауазымдарды қосарлап айтатыны тарихи әдебиеттерден мәлім. Бұл орайда, Қарабура – Боғра хан тұлғаның күштілігін, ұлықтығын білдіретін лауазым түрі. Қарабура атауының бастапқы буынындағы «қара» сөзі түркі тілінде «күшті», «ұлық» дегенді білдірсе, соңғы буындағы «бура, боғра» атауы тотемді білдірген. Сондықтан яғмадан шыққан «Боғра хан» тілдік өзгеріске ұшырай келе таманың ұраны «Қарабура» атанып, кейін халық жадында осы атаумен сақталып қалған сияқты. Өйткені Қарахан билеушілері соқтырған теңгелерде Боғрахан, кейде Боғра Қарахақан атақ-лауазымдары жиі кездесіп отырады. Құдіретті ханның аты Тараз шаһарында шекілген (1088-1089) дирхемде «Табгач/Тафгач-хакан Хасан» деп кездеседі.

Созақта киелі мекендерге туристік маршруттар ұйымдастырылады
Ысқақ баб кесененің адам жанына берер шарапаты мен дәтке қуаты мол
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу