Созақта киелі мекендерге туристік маршруттар ұйымдастырылады
Түркістан облысы, Созақ ауданындағы Қарабура әулие кесенесі бар. Қарабура – қасиетті әулие, сопылық ілімнің негізін салушылардың бірі немесе осы ілімнің дамуына жан аямай көмектескен мемлекет қайраткері (Әмір Темір) сияқты болған деген қорытынды жасауға болады;
Қарабура есімін ұранға айналдырған тама тайпасының атауы Қарахандар мемлекетіндегі «яғма» тайпасы атауының өзгеріске ұшыраған түрі;
Әулие бабамыз жөнінде ізденіс жасаған Жарылқасын Боранбай өзінің «Қарабура» атты кітапшасында төмендегідей тұжырымдар мен болжамдар жасайды:
Қарабура әулие – Батыс Қарахан мемлекетінің билеушілерінің бірі – Ибрагим ибн Насырдың ұрпағы екендігі;
Қарабура әулие – Қожа Ахметтің замандасы, ол Қожа Ахмет Ясауи қайтыс болғанда денесін жуған, кебіндеген, жерлеу рәсімін толық қолынан өткізген адам;
«Қарабура» сөзі – «Қара Боғра» сөзінен туындайд, ал бұл ұғым Қарахан мемлекетінің билеушілернің ұрпағы; Қарабура әулиенің аты –Ақтан софы;
Экспедиция құрамындағы тарих ғылымдарының кандидаты Бахадыр Айтай – Қарабура әулиенің қазақ халқының тарихында алар орны ерекше екенін айтты.
– Орталық Азияда ислам дінінің орнығуына елеулі ықпал еткен Қарабура әулиенің – (Қарабура хан) ұлт тарихынан алар орны ерекше. Қазақ даласында Қарахан мемлекетінің шаңырақ көтеріп, ірге бекітіп, нығаюына Қарабура белсенділікпен атсалысқан. Әсіресе, сахарада ислам дінін уағыздап орнықтыруда Қожа Ахмет Ясауи мен Қарабура тізе қосып, қажыр-қайрат, мақсат-мүдделерін ортақтастырған. Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Баба Түкті Шашты Әзіз, Ысқақбаб-Баба Ата, Әбдіжалил баб-Хорасан Ата, Үкаша ата әулиелер қатарында халық Қарабураны да пір тұтынады. Бүгінде Созақ топырағында Қарабура әулиенің кесенесі мұсылман қауымының киелі қорымына (пантеон) айналған. Қарахан мемлекетінің ұлы көсемі атақты Қарабура хан өзінің батырлығымен де, адамгершілік қасиеттерімен де бүкіл Орталық Азияның батыр-билерінің жоғары қолдауына ие болған. Ұлы Жібек жолымен келетін жаңалықтарды, ғұлама ғалымдарды, дін таратушыларды, Ислам діні қасиетті де таза дін екенін айрықша қолдап отырған. Қарабура хан ел басқаруда өзіне де, өзгеге де, барлық билік өкілдеріне де төрт түрлі ұстамды талап қойған. Бірінші – әділет, әділеттілік; екінші – адалдық, тазалық; үшінші – білімділік, батылдық; төртінші – адамгершілік, имандылық. Қарабура хан мұсылман дінін таратушыларды қолдай отырып, мыңдаған сауатты жастарды ел арасына жіберіп мұсылман дінінің маңыздылығын түсіндірген. Діни сауаты бар азаматтарға молда, қажы, ғалым деп құрмет көрсеткен, - дейді тарихшы.
Созақ даласындағы әулиелі мекендерге насихатты күшейту керек. Экспедиция мүшелері Созақтың туристік әлеуеті зор екендігіне көз жеткізді. Алдағы уақытта насихат жұмыстарын жандандырған абзал. Осында түрлі туристік маршруттар ұйымдастырып, өскелең ұрпаққа кеңінен таныту қажет. Өз тарихын біліп өскен, сусында өскен ұрпақтан болашақта патриоттар шығары анық.