Алғашқы әңгімем «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланды - түркістандық жазушы

Oinet.kz 01-11-2022 1057

Жәудір Нартай Түркістан облысынын түлеп ұшқан танымал жазушы. Ол Созақ ауданы, Жуантөбе ауылында дүниеге келген. Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі. Еңбектері республикалық «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінде, «Мәдениет», «Қаламгер» порталдарында, «Дауыс» жазушылар антологиясында, т.б. басылымдарда жарық көрген. Ол өзіні шығармашылығы қалай басталғаны туралы былай дейді:

Screenshot_2.jpg

- Алғашында Созақ адамдарының күлкілі мінездерін ойып алып юморлық қысқа әңгімелер жазып жүрдім, ол фейсбукте оқыла бастады. Мені өз топырағымның адамдары шабыттандыратын болды. Тек 27 жасқа келгенімде ғана өзімнің әдеби шығармалар жаза алатыныма іштей дайын екенімді түсіндім. Солай алғаш «Біз білмейтін сұлулық» деген әңгімемді жазып шықтым. Хиқаят секілді ұзақ жазылды. Кейін ықшамдадым. Елдің пікірін білу үшін фейсбук желісіне жарияладым. Сол жерден Марқұм Жұмабек Табын деген журналист ағамыз оқып, толық нұсқасын сұратып, «Қазақ Әдебиеті» газетінің редакциясына апарып Қанағат Әбілқайыр ағаның қолына табыстаған екен, солай алғашқы әңгімем «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланды. Кейіннен марқұм Сатыбалды Нарымбетов оң бағасын беріп, шығармаларыма пікірін білдіріп, өмірінің соңғы жылдары маған ұстаз болды. Сол кісінің бағасы мені қанаттандырды, өзімнің бірдеңе жаза алатыныма сендірді.

Қазір кітап шығару қиын шаруа емес, не көп автор таппай жүрген баспа үйлері көп. Кітап шығару ісін өзім құнттамай жүрген секілдімін. Осыдан біраз бұрын тәулесіздіктің 30 жылдығында бір шоғыр  ақын жазушылардың легіне ілесіп, менің де кітабым шығатын болып, Алматыға кеткен, кейіннен қарасам, белгісіз себептермен шықпай қалыпты. Неге шықпай қалғанын қазбалап сұрағаным жоқ. Оның шықпағанына аса ренжіген де жоқпын, кейбір шығармаларымның олқы тұстары көп еді, үстінен бір қарап, реттейтін өзімнің де уақытым бола қоймады. Кейде маған кітап шығару әлі ерте секілді көрінеді. Өз шығармашылығыма көңілім толмай қалатын кездерім жиі болады, - дейді жазушы.

Түрленген Түркістанды көру жоспарымда бар - Жәудір Нартай
Әдебиетке әлемнің көзімен қарау керек - жас жазушы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу