Әдебиетке әлемнің көзімен қарау керек - жас жазушы

Oinet.kz 01-11-2022 1036

Түркістан облысында туып-өскен белгілі жазушы Жәудір Нартай бүгінде республика жұртшылығына танымал. Ол Созақ ауданы, Жуантөбе ауылында дүниеге келген. Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі. Еңбектері республикалық «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінде, «Мәдениет», «Қаламгер» порталдарында, «Дауыс» жазушылар антологиясында, т.б. басылымдарда жарық көрген. 

Screenshot_3.jpg

Шынайы ақын-жазушылардың тағдырлы келетіні рас ғой, адам тағдырына әсер ететін дүниелер болады. Сөз өнері – дертпен тең. Жазбасаң жаның ауырады. Кейде жазу жаныңды емдейтін жалғыз шараң болуы  мүмкін. Мен ақынның қызымын. Анам Созақтың талантты ақын қызы Жұпар Жүзбаева, жас кезінде республикаға ерте танылды. Тек соңғы жылдары ғана отбасынан ұзай алмай қалды. Әкем де әдебиеттен кенде адам емес, жас кезінде ол да өлең жазған. Менің бала кезімде Созақтан шыққан күллі ақын-жазушылардың барлығы біздің үйде қонақ болатын. Әке-шешем оларды керемет құрметтейтін. Оның ішінде Жарылқасын Боранбаев, Якуда Амандықов, Өтеш Қырғызбаев деген танымал қаламгер кісілер де бар еді. Ол кісілердің айтқан әңгімелері қандай еді, өздері асқан мәдениетті, сыпайы кісілер болатын. Бала кезден ақын-жазушылардың барлығын сол образда қабылдап, солай елестетіп өскендіктен бе, қаламгерлердің барлығын зиялы кісілер шығар деп ойлайтынмын. Сөйтсем, айдың арғы беті болатыны секілді әдебиетте де беттің арын беліне түйіп жүріп өздерін ірі ақын, жазушы санап жүргендер көп екен. Және олар өздері туралы сөйлегенде тағдырды қолдан жазып, қолдан дақпырт таратып бояуын қалыңдау етіп жаққанды жандары сүйеді. Жыл сайын кітабі шығып, жазушылар одағына өтсе де өз өмірлеріне көңілдері көншімей ішіп жүретіндері тағы бар. Олардың ойынша қаламгер тағдыры тек солай ғана қалыптасуы керек сияқты. Менің түсінігімде олар шынайы қаламгерлер емес, олар – әдебиеттегі ұлылардың тағдырына пародия жасап жүрген әртістер ғана. Менің қатты намысыма тиетіні, қаламгерлер арасында қыз баласын мүлде құрметтемейтіндер бар, қыз балаға өлең шығаратын обьект ретінде қарайды. Ондай қаламгерлер көбінде қыз баланың қалам ұстап әдебиетке келуін де құптай бермейді. Сондайлардың кесірінен көптеген әдеби байқауларда қыз балаларға дискриминация жасалынады. Олардың түсінігінде тек еркек қана ақын, тек еркек қана жазушы болуы керек секілді. Олар әдебиетке әлемнің көзімен қарай алмайды. Дүниеде сенің талантың парасатпен астасып жатпаса, оның арамзалықтан еш айырмасы болмайды. Ал әдебиеттегі мұндай арамзалық алысқа ұзамайды, абырой да әкелмейді, адамзатқа да пайдасы бола бермейді деп ойлаймын. 

Алғашқы әңгімем «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланды - түркістандық жазушы
Ғайып ерен Қырық шілтен әулие тұла бойына тылсым сырды бүккен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу