Ғайып ерен Қырық шілтен әулие тұла бойына тылсым сырды бүккен
«Түркістанда Түмен баб, Сайрамда бар сансыз баб, Отырарда Арыстан баб» демекші, Түркістан облысында киелі орындар көптеп кездеседі. Түркістан өлкесінде киелі орындардың көптігі – оның тарихы тым тереңде жатқанын айғақтаса керек. Расында да Түркістан өңірінің Қазақстан тарихында алар орны ерекше. Өлкенің тасын түртсең тарихы сайрай жөнелетіні баршаға аян. Арысы Созақ, берісі Түркістан өңірлері кезінде Қазақ хандығының астана болып, осында талай дипломатиялық һәм стратегиялық маңызды шешімдер қабылданды.
Өңірде тұла бойы тылсым сыр мен тарихқа тұнған әулиелі жердің бірі – Ғайып ерен Қырық шілтен әулие. Бұл мекен Төлеби ауданы, Қазығұрт тауы баурайында орналасқан. Ел арасындағы аңыз-әпсаналарға қарағанда, бағзы заманда бір сахабаның баласы жанына серіктерін ертіп, барлығы қырық кісі болып, қасиетті жерлерді аралап, түнеп, зиярат етіп кете беріпті. Ол кісілер Қазығұрт тауы баурайына барып, қазіргі Әңгірата ауылына жақын тұста орналасқан тасқа түнеп, соны мекенжай етіпті дейді.
Тағы бір аңызда олардың атын «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» деп атаса, екінші бір әңгімеде «Қызыр Ата Қырық Шілтен» дейді. Қалай десе де Қазығұрт бөктеріндегі жергілікті халық әлгі қырық кісіні ғайыптан пайда болған әулиелер, олардың топтастырылып айтқандағы аты – Шілтер деп түсінеді. Содан ол жер «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» деп аталып кеткен. Расында да бұл атаудағы «Шіл» сөзі парсы тілінде «қырық» дегенді білдіреді. «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» – арабтың, көне түркінің және парсының сөздерінен құралған ғажап тіркес. Арабтың «Ғайыбы» – «жоқ болып кету», «көзден тасалану», «құдайлық іс», «адам» деген мағынада жұмсалса, «Шілтен» парсы тілінде «қырық тән» немесе «қырық дене» ұғымын береді. «Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиелер құрамындағы адамдар өз ажалынан өледі, бірақ көп ұзамай оның орны лайықты мұсылмандармен толықтырылады. «Әулиелердің ұлықтары Ғайып Ерен қырық Шілтенмен бірігіп намаз оқиды екен» деседі.
Ал енді бір аңызда баяғы өткен заманда Шілтер атты әулие кісі болыпты. Құдайға құлшылық етуден таймаған, істегені ақ, көңілі таза, ниеті адал, ақ жолындағы адам екен. Бір күні қасындағы қырық кісімен бірге жолаушылап келе жатып, Қазығұрт тауының етегіне келеді. Біраз дамылдап алған соң, бесін намазын оқымаққа жайнамазға жығылады. Осы сәтте таудың басқа қырынан қарақшылар тап келіп, бұларды өлтірмекке бекінеді. Шілтер әулие мен қатар қырық кісі де намаздарын бұзбай оқи береді. Намаз үстінде әулие тәңірден «жау қолына түсіргенше, тасқа айналдыра көр» деп дұға етеді. Алла Тағала қасиетті Шілтердің тілегін қабыл етіп, серіктерімен бірге тасқа айналдырады. Содан кейін көпшілік бұл жерді Қырық Шілтер әулиенің жері деп атап кетеді.