Ғайып ерен Қырық шілтен әулиеге зиярат етіп барушылар көп
Түркістан өңірде тұла бойы тылсым сыр мен тарихқа тұнған әулиелі жердің бірі – Ғайып ерен Қырық шілтен әулие. Бұл мекен Төлеби ауданы, Қазығұрт тауы баурайында орналасқан.
«Ерен ғайып қырық шілтен - мұсылман түркілер (қазақ, өзбек, қарақалпақ, қырғыз, т.б. мифологиясындағы көзге көрінбейтін, рух сипатына ие тірі пенделер (пірлер). Қалыптасқан анықтама бойынша, олар ғаламды билейтін 40 құдіретті әулие. Мұндағы"ғайып" сөзі "көзге көрінбейтін" дегенді, "шілтен" (парсы тіліндегі чил - "кырық", тон -"тірі пенде") "қырық жан/пенде" дегенді білдіреді, осы сөз түркі тіліндегі "қырық" сөзі арқылы қайталанады ("қырық шілтен"). Ал "ерен" сөзінің парсылық емес, түркілік қайнары жөніндегі әңгімеміз бөлек (алдағы мақалалардың бірінде қарастыратын боламын). Әзірге осы "шілтендер" бейнесінің ішкі иерархиясы хақындағы қалыптасқан түсініктер туралы ғана айтар болсам, сопылық мифологиядағы "ирендер" көрінбейтін рухтар бірнеше саты-дәрежеде көрсетілген: төменгі сатыны (қатарды) "шілтендер" құрайды, олардан жоғары сатыда "пафтан" делінетін жеті рух, олардан жоғарырак сатыда "естан" деп аталатын үш рух, ең жоғарыда - "гаус" деп аталатын жалғыз рух болады. "Қыз Жібек" эпосындағы:
Жазатайым сүрінсе,
Ғауыс, ғаяс, қырық шілтен,
Баһаутдин, қолыңа ал, - деген жолдардағы "ғауыс" пен "қырық шілтен" - осы ерендер (ирендер) иерархиясының жоғарғы және төменгі сатыларының кейіпкерлері болып табылады. Бұл үш иерархиялық саты қисыны бойынша, шілтендердің жеті сатылық иерархиясы да бар, олар: 1) Құтб (біреу), 2) Ғауыс (үшеу), 3) Абдал (жетеу), 4) Аутат (қырық), 5) Нұхиба, 6) Нуджиба, 7) Аруах ул-Мухаддас. Тек осылардың (шілтен, пафтан, естан, гаус, кұтб, т.б.) барлығының да "ирен" деп аталуын парсылық "йаран" сөзімен байланыстырудың жөні жоқ сияқты; байланыстырыла қалғанның өзінде де бұл - екінші, туынды түсінік болмақ; "ерен" бейнесінің түпкі негізі түркілерде жатыр "Құтб" сөзінің полюс атауы екендігін ескерсек, оның кіндік нүктенің, яғни Нұр бұлағының атауы болуы түсінікті болып шығады, сондықтан екінші нұсқаны дұрысырақ-ау деп топшылауға болады. Ал жалпы сопылық мифтік бейненің өз сипаты қандай? Ерендердің иерархиясының болуы, олардың көзге көрінбеуі, эпостық қаһармандарға қолдау көрсетіп, қамқорлық жасауы оларды "Ілкі Төр" келтірімімен байланысты ете алады. Яғни біздер, тағы да – Ілкі Төрді (немесе Төретамды) күзететін, қоритын, оның еркін (доктринасын) адамзат арасынан шыққан таңдаулы пенделерге жеткізіп тұратын қорушыларды (хранители) көріп отырмыз. Бұл тұрғыда, Құтб - Ілкі Төрдің (Төретамның) бас қорушысы немесе иесі болып шығады, ол Ілкі Төрдің өз кіндігін, бастауын символдай алады. Ал ғауыстар, абдалдар, аутаттар немесе естандар, пафтандар, шілтендер тиісінше, бірінші (ішкі), екінші (ортаңғы), үшінші (сырткы) қоршауды (шарбақты, қақпаны) күзетуші қорушылар. Шілтендер – ерендерге қарағанда ең жақын орналасқан болып шығады да, адамдармен қарым-қатынас орнату қызметі көбіне көп осылардың сыбағасына тиеді. Шілтендердің адам кейпіне (көбінесе кедейдің, айналадағы жұрт "сорлы", "бишара", "пақыр" деп есептеген пенде кейпіне) еніп, адамдардың арасында өмір сүре алуы да, егер олардың біреуі өле қалса (?), оның орнына лайықты адамдардың бірін сайлауы туралы түсініктер де шілтендердің "шекаралық орналасуына" байланысты. Бастапқы "Кіші жүз" ұғымының жай-жапсары да осы шілтендермен қарайлас. Шілтендер, мәселен қазақтар мен өзбектердің түсінігі бойынша, адамдар бара алмайтын, яғни бұл жалғанның пендесі үшін жолы жабық, теңіз ортасындағы аралда өмір сүреді. (С.Қондыбай «Ғайып Ерен, Қырық Шілтен»).
Ғайып ереннің негізгі сипаты және мақсаты — жанашырлық танығыш, адамдарға әрқашан көмекке келу, рухани жолға түскендерге жол сілтеп, бата беру, жолаушыға, қысылған адамға қол ұшын беру, т.б. Қыдыр (Хизр) да Ғайып еренге, оның ішіндегі қырық шілтенге (абдал) жатады. Қазақта "қырықтың бірі - Қыдыр" деген сөз бар. Қыдыр - қырық шілтенді басқаратын кейіпкер болуы да мүмкін. Бұқаралық санада бұл түсінік өнделіп, көркемдік қиялға ұласып жататынына қарамастан, ислам ойшылдары (мыс.: ибн Араби) Ғайып ерен идеясын жокқа шығармаған.