Оңтүстікте ең іскер әкім кім?
Жуырда вице-премьер Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барып, Таразда оңтүстік өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы және «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Кеңеске Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, сондай-ақ ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы қатысты.
Үкіметтің таратқан ақпаратына қарағанда, басқосуда жаңа Бюджет кодексі аясында Өңірлік стандарттар жүйесін ескере отырып, бюджеттік жоспарлау ережелері түсіндірілген.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Өңірлік стандарттар жүйесі бойынша нысандармен және қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі: Жамбыл облысында – 74,1% (ел бойынша 4-орын), Түркістан облысында – 66,3% (14-орын), Қызылорда облысында – 66,8% (6-орын), Шымкент қаласында – 87,9% (2-орын). Жалпы алғанда, барлық оңтүстік өңірлерде бұл көрсеткіш республикалық орташа деңгейден – 66,1% – жоғары.
Оңтүстік өңірлердегі экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күші – ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес. Бұл өңірлер азық-түлік өнімдерінің ірі өндірушілері және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып отыр. Дегенмен, өңірлер үшін негізгі мәселелердің бірі – инфрақұрылымды жаңғырту.
Кеңес барысында Қанат Бозымбаев инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлау Өңірлік стандарттар жүйесінің көрсеткіштерін қатаң ескере отырып жүзеге асырылуы қажет екенін еске салды. Өңірлік деңгейдегі теңгерім мен айырмашылықтарды азайту мақсатында вице-премьер әкімдіктерге Ұлттық экономика министрлігінің бюджеттік инвестициялық жобаларды басымдық бойынша іріктеу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарын ескере отырып, артта қалған елді мекендерді бірінші кезекте қаржыландыру туралы шешім қабылдауды тапсырды.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында Жамбыл облысында шамамен 10 мың жұмыс орнын құруды көздейтін болжамды инвестициялық жобалар, Қызылорда облысында 8 мың жұмыс орнын, Түркістан облысында 23 мың жұмыс орнын ашуға бағытталған жобалар қалыптастырылды. Қанат Бозымбаев олардың іске асырылуын жеделдетуді тапсырды.
Егер жоғарыдағы мәліметтерге сенсек, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша тірлігі түзу, өзгелерден оқ бойы озық тұрған өңір – Шымкент қаласы болып тұр. Шымкент инвестиция тарту бойынша да республикада алдыңғы орындарда келеді. Бұл әкім Ғабит Сыздықбековтің іскерлігімен байланысты ма, әлде миллионнан астам халы бар үшінші мегаполистің мүмкіндігімен байланысты ма? Дегенмен Сыздықбеков туралы елдің пікірінің жаман еместігін мойындау керек.
Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының әкімі лауазымына 2022 жылдың сәуірінде тағайындалған болатын. Соңғы кездері оның басқа қызметке ауысатындығы туралы әңгіме көп айтылады.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев соңғы апталарда көп кадрлық тағайындаулар жасады. Ол Жамбыл облысының әкімі болып 2023 жылдың қыркүйегінде тағайындалған. Бұған дейін әкімдік қызметте тәжірибесі жоқ Қарашөкеев әзірге анау айтқандай керемет тірлігімен көзге түскен жоқ.
Оңтүстіктегі төрт әкімнің ішінде ең жасы Нұралхан Көшеров Түркістан облысының тізгінін биыл қаңтарда алды. Оның жұмысына баға беруге әлі ертерек екендігі айтпаса да түсінікті.
Енді бір айдан кейін Президенттің қатысуымен алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы қаралады. Қай әкімнің қаншалықты жұмыс істеп жатқаны сол кезде белгілі болады.
Ал сіздің ойыңызша, Оңтүстіктегі ең іскер әкім кім?