Белгілі журналистке кибершабуыл жасалды

Oinet.kz 05-06-2025 158

Ulysmedia.kz сайтының бас редакторы Самал Ибраеваның жалған профилі Kyzdar.net сайтында пайда болды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Screenshot_4.jpg

Белгісіз адамдар Ulysmedia.kz сайтының бас редакторы Самал Ибраеваға қарсы кибершабуыл ұйымдастырды. Журналистің айтуынша, оның суреті, аты-жөні мен жеке телефон нөмірі интим қызметін ұсынатын сайттардың бірінде жалған анкета арқылы жарияланған.

«Маған: «мақаланы өшір, тақырыпты өзгерт, суретті алып таста. Әйтпесе көрсетеміз» деген ескертулер бірнеше рет жасалды. Ақыры олар іске көшті. Kyzdar.net сайтында маған тиесілі емес, жалған профиль пайда болды. Қазір телефонымда тыным жоқ. Анайы ұсыныстар, таныстардың қоңырауы мен сұрақтары толастамай тұр. Бұл менің кәсіби қызметіме жасалған тікелей шабуыл», — деді журналист.

Оның пікірінше, бұл шабуыл Ulysmedia.kz порталының редакциялық ұстанымына, атап айтқанда ел ішіндегі өткір мәселелерді көтеруіне байланысты жасалған болуы мүмкін.

Журналист бұл жағдайды сөз бостандығына қысым ретінде бағалап отыр.

Құқық қорғау органдарына жүгінгеннен кейін бес күн өткен соң ғана кибершабуыл ресми түрде цифрлық буллинг және киберқылмыс ретінде танылып, қылмыстық іс қозғалған. Журналист осындай оқиғаны екі жыл бұрын да бастан өткергенін еске салып, ол кезде тек президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың араласуынан кейін ғана істің ілгері жылжығанын айтты.

«Бұл жолы да мемлекет басшысының назар аударатынына сенемін. Журналистерге қысым көрсету мен қауіп төндіру — президент ұстанып отырған ашық қоғам мен әділеттілік қағидаттарына қайшы», — деп мәлімдеді журналист.

Сондай-ақ ол Kyzdar.net сайтының қызметіне де заңды баға беруді сұрап отыр. Оның пікірінше, сайтта фейк-анкета жеке өмірге қол сұғу, ар-намысты қорлау және іскерлік беделге нұқсан келтіру әрекеттері көп.

«Бұл — тек менің емес, еліміздегі кез келген әйелдің басына түсуі мүмкін қауіп. Сондықтан цифрлық зорлыққа қарсы күрес – мемлекеттік деңгейде қолға алынуы тиіс», — деп мәлімдеді журналист.

Қазіргі таңда полиция жалған анкета жасағандарды анықтау және заңсыз контентті жою бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Ал Ulysmedia.kz редакциясы қысым мен бопсаға қарамастан, өз жұмысын жалғастыра беретінін хабарлады.

«Той Думанға» 300 млн теңге бөлінді». Шымкент әкімдігі осыған қатысты жауап берді
Атышулы Шерзат ісіне байлынысты 9 күдіктіге сот үкімі шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу