«Жанында ешкім болмаған»: Қарағандыда 2 жасар баланы пойыз қағып кетті
Қарағанды облысында жүк пойызы екі жасар баланы қағып кетті, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға Қарағанды мен Ағадыр станцияларының арасында болған. Оқиғаға ондаған қала тұрғыны куә болған. Машинист баланы қағып кетпеу үшін шұғыл тежегішті қолданғанымен, тоқтап үлгермепті.
"Бала мұнда ойнап жүріп, дүкенге бару үшін жолға шыққан. Бұл жерде қисық бұрылыстар бар, сол себепті ол пойызды байқамаған, дабылдарға да мән бермеген. Жанында оны алып кететін ересек ешкім болмаған. Ол әлі кішкентай ғой. Оның рельсте жүргенін ешкім де байқамаған", – дейді оқиғаның куәгерлерінің бірі.
Куәгерлердің айтуынша, бала бірден ауруханаға жеткізілген. Баланың басынан және аяғынан жарақат алғаны анықталды.
Полиция аталмыш оқиғаға байланысты тергеу басталғанын хабарлады.
"Теміржол көлігін пайдалану кезінде қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір осы қылмыстық іс аясында тергеу амалдарын жүргізілуде", – дейді желілік полиция бөлімі басшысы Бағлан Жарылқасынұлы.
Үлкен Михайловка станциясының тұрғындары апат болған теміржол маңындағы аумаққа қоршау орнатып, тек бір ғана қауіпсіз өткел қалдыруды сұрап, бірнеше жылдан бері "Қазақстан темір жолы" АҚ мен жергілікті билікке өтініш айтып келе жатқандарын атап өтті.