Баба Түкті Шашты Әзіз баба кесенесіне келушіер саны сиреген емес
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Түркістан облысындағы ең тарихы терең, тарихи нысандарға бай аудандардың бірі сырлы Созақ жері. Созақ – Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған қала. 1465-69 жылдар аралығында Керей мен Жәнібектің ордалары осы қалада тігілген екен. Осыдан-ақ, екі мың жылдық тарихы бар бұл қаланың ерекше мәнге ие болғанын көреміз.
Жақында Созақ ауданындағы Баба Түкті Шашты Әзіз баба кесенесінің жай-күйімен танысуға арнайы делегация барды. Қазақстан Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай, Қазақстан Жазушылар Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым, белгілі ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Бахадыр Айтай, Түркістан облыстық Мәдениет басқармасының жанындағы Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталықтың директоры Жандос Керімұлы, облыстық Мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы және тағы бірқатар қаламгерлер мен журналистер енген арнайы экспедициялық топ қазыналы Созақ даласының әулиелі мекендерін аралады.
Созақ даласында әулиелер де көп болғаны аян. Мұнда әлі күнге дейін ізі сақталып, кесенесі тұрғызылған әулиелі мекендер бар. Соның бірі – Құмкент ауылының маңындағы Баба Түкті Шашты Әзіз баба кесенесі. Мұнда тәу етіп келушілер саны өте көп. Баба түкті шашты Әзіз кесенесі – 1990-шы жылдардың ортасында бұзылып, оңтүстікке танымал кәсіпкер Серікжан Сейтжанов жаңғыртқан. Алайда, ғимараттың төбесінен су ағып, апатты жағдайға ұшырай бастаған соң кесене үшінші рет тұрғызылған. Бұл игі істі Нұрсадық Ергешбекұлы деген абзал азамат жүзеге асырғанын жұрт жақсы біледі. Кесенеге тұрақты түрде күтім жасап тұруды да осы Нұрсадық Ергешбекұлы өз қолына алған.
Кесене шырақшасысы Асылхан Арысбаевтың айтуынша, мұнда келушілер қатары сиреген емес. Айнала құмдақ. Шөп сирек өседі. Тарамдана ағып жатқан өзен жоқ. Ал Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі маңы шөл даладағы оазис секілді. Мұнда жер астынан су шығып, кесене төңірегі жасыл желекке бөленіп тұр.
- Кесененің жанында көлшік бар. Бұл көлшікке су жер астынан шығатын бұлақтардан жиналады. Көлшікке балықтар сән беріп тұр. Балықтардың арасында алтындай жарқырап тұратын балық бар. Оны көпшілік «алтын балық» деп атайды. Бір қызығы, балықтар Рамазан айында көлшіктен жоқ болып кетеді. Қасиетті айда балықтар да ораза ұстайтынын білдірсе керек. Ораза біткен соң олар көлшікке қайта шығады. Кесенеге келушілер балықтарға нан береді. Олар сонымен қоректенеді. Сонымен қатар көлшіктің де табиғаты керемет. Шөп-шалғыны көп. Жабайы үйректер де көлшікте емін-еркін жүзіп жүр. Мұда балықтарды аулауға болмайды, - дейді шырақшы Асылхан Арысбаев.
Расында да бірер сағаттың ішінде кесенеге арнайы келгендер қарасы көбеймесе азайған жоқ. Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі күйдірілген кірпіштен қаланған. Қабырғалары сыланып, әктелген. Үйдің ортасына кірпіштен қаланған құлпытас орнатылған. Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесіне еліміздің түкпір-түкпірінен зиярат етіп барушылардың қарасы еш үзілмеген. Әулиенің басына барушылар сырқатына ем іздесе, енді біреулер үлкен намысты додаларға аттанарда дұға етуге, перзент сүйе алмай жүрген қыз-келіншектер баба рухына дұға жасап, Алладан бала сұрауға барады. Мазардың жанында бұлақтан мөлдіреп су ағып тұр. Жанында шағын көлшік бар. Ниеттеніп келушілер бұлақтың су ішіп, көлшікке жуынып, дертіне ем сұрайды. Шырақшы келген зияратшыларға Бабаның тарихын айтып, оның ерекшеліктеріне тоқталып өтті.
Халық арасында тараған аңызда Баба Түкті Шашты Әзіз су жағасында намаз оқып отырып, үш пері қызын көреді. Намазын бітірген соң, әлгі үш қыздың біреуінің қолынан ұстайды. Қыз суға сүңгиді, әулие де сүңгиді. Ақырында Баба Түкті Шашты Әзіз соған үйленеді. Қыз үш түрлі шарт қояды: аяқ киімімді шешкенде аяғыма қарама, киімімді шешкенде қолтығыма қарама, шашымды жуғанда, төбеме қарама дейді. Алайда, бір күні Баба Түкті Шашты Әзіз әлгі үш шартты бұзады. Оны сезген пері: «Ішімде алты айлық балаң бар! Соны мен Көк дария жағасындағы Құмкент деген жерге тастап кетем, іздеп тауып ал!», – дейді де, аспанға ұшып кетеді. Баба Түкті Шашты Әзіз уәделі жерден құндақтаулы нәрестені тауып алады. Айдалада туғандықтан есімін «Едіге» қояды. Қазақ шежірелерінің кейбір нұсқаларында ол Маңғыт руынан деп айтылады, Едігенің осы рудан шыққандығы негіз етіледі. Баба түкті Шашты Әзіз нақты болған адам деген бұлтартпайтын дерек жоқ. Сондықтан ғылымда ол мифтік бейне ретінде қабылданған. Қазақ фольклорында ол әулие кейпінде суреттеледі. Батырлар жырында бас кейіпкерлер қиналған кезде демеуші, аян беруші аруақ тұлғасында бейнеленеді. Мысалы, «Алпамыс батырда» Байбөрінің түсіне Баба түкті Шашты Әзіз кіріп, әйелінің бір ұл, бір қыз табатыны туралы аян береді, кейін Алпамыстың демеушісі болады. Басына қиындық түскенде Баба Түкті Шашты Әзізге сыйынып, жалбарыну дәстүрі халық арасында күні бүгінге дейін сақталған.