Ғасырлық тарихы бар сакральды нысандарға ерекше күтім көрсетіледі
Түркістан облысы, Созақ ауданында орналасқан Баба түкті Шашты Әзіз - қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін бейне. Ол туралы аңыздардың бірінде шын есімі Баба Туклас деп көрсетілген. Әкесі – Керемет Әзіз. Баба Туклас Меккеде патша болған, мұсылмандар арасында әулие саналған. Күш атасы Қажымұқан да додаға түскенде: -«Уа аруақ, Баба түкті Шашты Әзіздің рухы қолдай гөр»-деп сыйынған.
Баба түкті Шашты Әзіздің есемі «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Шора батыр» жырларында жиі айтылады. Алтын ордаға билік жүргізген Едіге би Шашты Әзіз әулиені өзінің түп атасы санаған. Сондай-ақ тарихи деректерде Баба түкті Шашты Әзіздің есімі Орта Азия, Қазақстан жеріне Ислам дінін уағыздаушы болып саналатын Ысқақ бабтың замандасы, үзенгілес серіге ретінде жиі айтылады.
Тағы бір дерекке назар салсақ, «Қыз Жібек» жырында Төлеген Ақ Жайыққа аттанарда анасы жалғызын жаратқанға, онан соң осы Шашты Әзіз әулиеге тапсырған деседі. Сөйтіп, Баба Түкті Шашты Әзіз әулие халық жадында ел қорғаған батырлардың демеушісі, қиналған-қысылған шақта сүйеніші, баласы жоқтарға бала сұрап әперуші, жарылқаушы, ақ тілеулі аналардың жалбарынғанда медет қылар пірі ретінде танымал.
Сонау қиын-қыстау кезеңде кесене маңындағы ауылда поляктар көп болған екен. Бірде олардың ішіндегі бір беделдісі монша салдырмақ болады. Ел ішінде кірпіш дегенді табу қиын уақыт. Содан осы Баба түкті Шашты Әзіз кесенесіне көз салып, кірпіштерін алмақ болады. Баласын өлтіремін деп қорқытқасын, амалсыздан келіскен тұрғынның кесененің бір бұрышын құлатқанында қолы қалтырап қалған. Осыдан кейін кесененің құдіретіне иланатындар тіпті көбейіпті. Күніне жүзден аса адам тәу етіп келетін оған келіп құрсақ көтергендер де көп.
Тарих ғылымдарының кандидаты Бахадыр Айтай тарихи тұлғаға салынған кесененің бүгінгі ахуалына көңілі толатынын жеткізді.
- Созақ ауданындағы әулиелі мекендерге насихат жетіспейді. Әйтпесе мұндағы әулиелі жерлердің әлеуеті өте жоғары. Зиярат етіп келіп жатқан азаматтардың көптігіне қарап осыны аңғаруға болады. Енді біз бұнымен тоқтап қалмай, оқушыларға, студенттерге Созақты әулиелі мекендерді насихаттауымыз керек. Осында түрлі туристік маршруттар ұйымдастырып, өскелең ұрпаққа кеңінен таныту қажет. Өз тарихын біліп өскен, сусында өскен ұрпақтан болашақта патриоттар шығары анық, - деді Бахадыр Айтай.
Ал облыстық мәслихат депутат Ғалымжан Елшібайтың айтуынша, Созақтағы киелі орындарға зиярат етіп келушілердің саны мол болғанымен сан ғасырлық тарихы бар сакральды нысандарға ерекше күтім керек. Айналасын абаттандырып, шама келгенше қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген дұрыс.