Алматы әуежайында өзін-өзі өртеп жібермек болған ер адамның қазіргі жағдайы белгілі болды
Дәрігерлер Алматы әуежайында өзіне өрт қойған ер адамның қазіргі жағдайынан хабардар етті – ол жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Ал полиция департаменті бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өзіне өрт қойған ер адам жедел жәрдеммен №4 қалалық клиникалық аурухағана жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. Оның жағдайы өте ауыр.
"Ол Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық хаттамасына сәйкес толық көлемде ем алып жатыр", – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Полиция департаменті өзін-өзі өртеу әрекеті фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"2025 жылғы 25 тамызда сағат 22:06-да Алматы әуежайының Т-1 терминалында билет кассасының жанында ер адам өзін-өзі өртеп жібермек болды. Полиция қызметкерлері әуежайдың қауіпсіздік қызметімен бірлесіп дереу қауіпсіздік шараларын қабылдады: өртті сөндіріп, жедел жәрдем шақырды. Ер адам қалалық ауруханаға жеткізілді. Көліктегі полиция департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, оқиғаның себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр", – делінген полиция хабарламасында.
Сондай-ақ оқиғаның болжамды себебі айтылды.
"Алдын-ала анықталғаны – бұл жайтқа ер адамның азаматтық некедегі әйелімен жанжалдасуы себеп болған. Оқиғаның барлық мән-жайы сотқа дейінгі тергеу барысында анықталады", – деп нақтылады полицейлер.
Еске салсақ, бұған дейінАлматы әуежайында ер адам өз-өзін өртеп жібергенін жазған едік. Әлеуметтік желіде тараған видеодан ер адамның әуежай кеңселерінің бірінде өзіне өрт қойғанын көруге болады.