«Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы». Қасымбекова мен Сапарбековтің қай сасқаны?

Oinet.kz 27-08-2025 73

Screenshot_4.png

Биыл Түркістан облысының білім саласында қоғамда резонанс тудырған бірнеше сот үкімі шықты. Аудандық білім бөлімінің басшылары, бас есепшілері қаржы жымқырды деген айыптармен сотталды. Ол ел аузында «бухгалтерлер ісі» деген атпен белгілі. Оның арасында аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айыппен облыстық білім басқармасының басшысы  Ғалымжан Жұмашевтың 7,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілгені белгілі. Осы аптада Шардара аудандық білім бөлімінің қызметкерлеріне үкім шығады деген ақпарат бар.

 Бүгінде «бухгалтерлер ісіне» қатысты ел аузында әңгіме көп. Бірақ қанша жерден пікір өрбіткенмен айналып келгенде бұл іске соңғы нүктені қоятын сот. Президент айтқандай, заң бәрінен үстем,  талап бәріне ортақ. Осы ұстанымға сәйкес, осыдан  бір жарым жыл бұрын ұсталып кеткен облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашевтың орнына әлі күнге басшы тағайындалған жоқ. Өйткені заңды күшіне енген сот үкімі болмайынша ешкім де қылмыс жасады деп саналмайды.

Бір сөзбен айтқанда сотталып жатқан шенеуніктің де құқығы, оған қатысты талап-тәртіптер сақталуы керек. Бірақ өкінішке қарай, облыстық білім басқармасының атқамінерлері басқарма басшысына тиесілі құқықтың бөлім басшысына да тиесілі екендігін ұмытып кеткен сияқты.

Өткен аптада Түркістан облыстық Мемлекеттік қызмет істері департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары, сонымен бірге соңғы уақыттарда (Жұмашев ұсталғаннан кейін) басқарма басшысының міндетін атқарушы болған Айгүл Қасымбекова мен басқармадағы жалпы бөлімнің басшысы Әлжан Сапарбековке қатысты іс қаралды. Мәселенің мән-жайын түсіндіру үшін кішкене шегініс жасап көрейік.

Бұған дейін жазғанымыздай, Сарыағаш аудандық сотының биылғы 2 сәуірдегі үкімімен осы ауданның білім бөлімінің басшысы Дәулет Акатовтың және бірқатар есепшілердің сотталғаны белгілі. Сот қаржы жымқырды деген айып бойынша Акатовқа  жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.  Бірақ сотталушы тарап үкіммен келіспей, облыстық сотқа шағым берген. Қазір іс апелляциялық алқада қаралып жатыр. Алқа Акатовты ақтай ма, әлде үкімді өзгеріссіз қалдыра ма, ол әрине, уақыттың еншісіндегі мәселе. Дегенмен ақталады деген сенімнің басымдау екендігі рас. Себебі бұл іске көптеген білікті адвокаттар пікір білдіріп, алғашқы сатыдағы соттың айғақ-дәлелдерді назарына алмағанын айтуда. Айталық, Акатов бөлімде мемлекет қаражатының талан-таражға түскенін білген бойда құзырлы органдарға хабар берген, аудитор шақырып тексеру жүргізген. Бұл жағдай бөлім басшысының қазына қаржысын жымқыру қылмысына қатысы жоқтығын көрсетеді емес пе?! Оның үстіне сот барысында Акатовтың ақша алғанына қатысты бір де бір дәлел келтірілмеген. Бір де бір куәгер оған қарсы айғақ бермеген. Алайда болжам мен долбарға арқа сүйеген сот Акатовты бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Бұл әрине, өз алдына бөлек мәселе. Негізгі тақырыбымызға  қайта оралайық.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның  61-бабы 1-тармағының 12-тармақшасына сәйкес қылмыс не қасақана қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуі мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің мемлекеттік қызметті тоқтатуына негіз болып табылады.

Қайталап айтайық, заңды күшіне енген сот үкімі. Алайда Дәулет Акатов жазықсыз сотталғанын алға тартып, шындық үшін күресіп жатқан тұста облыстық білім басқармасының басшылары сот үкімінің күшіне енбегеніне қарамастан оны жұмыстан босатып жіберген.

Бұл «процедура» мынандай жоспар бойынша жүзеге асқан. Алдымен басқармадағы жалпы бөлімнің басшысы Ә. Сапарбеков басқарма басшысының сол кездегі міндетін атқарушы А. Қасымбековаға хат жазады. Хатта ол  Акатовқа шығарылған үкім заңды күшіне енбесе де, оны лауазымынан босату қажеттігін алға тартыпты. Мұның себебін Сарыағаш  білім ұйымдары мен оқушылар саны жағынан үлкен аудандардың қатарына жататындығымен, балаларды жазғы сауықтыру лагерлерімен қамту жұмыстарын үйлестіру қажеттігімен байланыстырыпты. Осы хатты негізге алған Айгүл Қасымбекова  17 сәуірде   Акатовты «қылмыс не қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың үкіміне байланысты» деген негізбен жұмыстан босатады. Бес күннен кейін,  22 сәуірде Сарыағаш аудандық білім бөлімі басшысының орнына алдымен ішкі конкурс жариялаған. Бірақ бұл конкурс басшы болуға  лайықты азаматты анықтап бере алмаған.  26 мамырда жалпы конкурс жарияланады. Білім басқармасының сайтында орналастырылған мәліметтерге қарағанда,  бұл  жолғы конкурста он үміткер бақ сынаған. 17 маусымда конкурстық комиссияның шешімімен Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы лауазымына А.Қалдықараева деген азаматша ұсынылған. Алайда дәл осы тұста басқармадағы заңдылықты қамтамасыз ету бөлімінің басшысы А. Сакбаев А.Қасымбековаға сот үкімі күшіне енбейінше  Акатовты жұмыстан босатудың заңға қайшы екендігі жөнінде хат берген.

Осыған байланысты 18 маусымда Сарыағаш аудандық білім бөлімінің жаңа басшысына қатысты, сонымен бірге Акатовты жұмыстан босатуға қатысты шешім мен бұйрықтың күші жойылады. Қасымбекова өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін Сапарбековке тәртіптік жаза да берген. Осыдан кейін іске Мемлекеттік қызмет істері департаменті кіріседі. Тексеру амалдары басталады. Кейінірек Қазығұрт аудандық білім бөлімінің басшысы Бақтияр Әбдиевтің де жұмыстан заңсыз босатылып кеткені анықталған. Бәрі де «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» немесе «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген мәтелді еске түсіреді. Біреудің сотталғанына Қасымбекованың не басы ауырғаны бар дейсіз? 

Бақтияр Әбдиевтің Келес аудандық білім бөлімінің басшысы кезіндегі тірліктері үшін сотталғаны белгілі. Әбдиевтің де қаржы жымқыруға қатысы болғанын дәлелдейтін ешқандай жауап, айғақ жоқ. Бірақ соған қарамастан сот оны 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім 16 сәуірде шығарылады. Айгүл Қасымбекова оны ертеңіне, 17 сәуірде Қазығұрт аудандық білім бөлімінің басшысы лауазымынан босатып жіберген. Бос орынға дереу конкурс жарияланады. Мамырдың басында Қазығұрт аудандық білім бөлімінің басшысы лауазымына конкурста жеңіске жеткен, бұған дейін Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары, сонымен бірге біраз уақыт басқарма басшысының міндетін атқарушы болған Жандос Маханбетов ұсынылған.  Алайда маусымда өздерінің заңсыз әрекетке барғанын түсінген соң А.Қасымбекова Қазығұрт аудандық білім бөліміне қатысты  бұйрық мен шешімдердің күшін жойған... Тәртіптік істің қысқаша мән-жайы осындай.

Тәртіптік істі қарау барысында Әдеп кеңесінің төрағасы Абылайхан Наурызбаев осындай шешімдерді қабылдау барысында Мемлекеттік қызмет істері департаментінің ақыл-кеңесіне сүйенуі қажеттігін атап өтті. Алайда заңсыз шешімнің авторы кім? Оған жол берген кім?   Біз осы материалды жазу барысында Қасымбекова мен Сапарбековке қатысты тәртіптік істің құжаттарымен танысып шыққан едік. Іс барысында Қасымбекова:

– Бастапқыда бұл шешімнің заңдылығына күмән болғандықтан мен жалпы бөлім басшысы Ә. Сапарбековтен құқықтық қорытынды беруін сұрадым. Ол өзінің жазбаша қызметтік хаты арқылы шешімінің заңдылығын растап, жауапкершілікті өз мойнына алатынын көрсетті. Осы негізде мен шешім қабылдауға мәжбүр болдым, өйткені бөлім жұмысы тоқтап қалуы мүмкін еді,– деп жауап берген екен.

Алайда мыңдаған мектеп пен балабақшасы бар облыстың білім басқармасы бір жарым жылдан бері басшысыз жұмыс істеп келе жатыр емес пе? Басқарманың жұмысы тоқтап қалған жоқ. Жоғарыдағы жауаптан Акатов пен Әбдиевті едел-жедел жұмыстан босату шешімін Қасымбекованың өзі қабылдағанын байқауға болады (аудандық білім бөлімі басшыларының қызметтік тағдырын басқармадағы бөлім басшысы Ә.Сапарбеков шешті деген ақылға сыймайды ғой). Ал енді қос бөлім басшысының орнына жау қуып келе жатқандай дереу жаңа басшы тағайындап жіберу не үшін қажет болды? Кімге қажет болды? Бұл сұрақтың арғы жағында біраз құпиялардың жатқаны айдан анық...

 Әдеп кеңесі мүшелерінің шешімімен Айгүл Қасымбековаға «ескерту», Әлжан Сапарбековке «қатаң сөгіс» жазасы ұсынылды.

«Рейтинг» газеті, 27 тамыз 2025 жыл.



Сыздықбековтың командасында ауыс-түйістер жасалды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу