Түрленген Түркістанды көру жоспарымда бар - Жәудір Нартай
Жәудір Нартай – жазушы. 1989 жылы, 29 наурызда Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жуантөбе ауылында дүниеге келген. Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі. Еңбектері республикалық «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінде, «Мәдениет», «Қаламгер» порталдарында, «Дауыс» жазушылар антологиясында, т.б. басылымдарда жарық көрген.
– Түркістанның облыс орталығы болғанын жақсы қабыладым. Қуандым. Бірақ өзім Түркістан облыс орталығы болғалы көргенім жоқ. Осыным ұяттау болып жүр. Түрленген Түркістанды көру жоспарымда бар.
Бастауыш сынып оқып жүргенімде, Жадыра деген сыныптас досым болды, екеуміз күнде мектепке қол ұстасып бірге барып, бір партада отыратынбыз, оның күлгенде бетінің ұшына ерке шұңқыры пайда бола кететін, періште өңді ерекше сұлу қыз бала еді, үнемі маған болысып жүретін. Сол бала досым екінші сынып оқып жүргенде күздік каникулда оқыс жағдайда қаза болды. Анам маған Жадыраны енді ешқашан бұл дүниеде көрмейтінімді айтты. Оның енді өмірде жоқ екенін естігенімде тіпті де жылағаным жоқ. Өлім дегеннің не екенін түсініп үлгермеген 8 жастағы бала едім ғой. «Ол енді сабаққа келмей ме?», деген ой ғана болды санамда. Күздік каникулдан кейін мектепке келсем, Жадыраның партасы бос тұр екен, бала досымнан қалған жалғыз естеліктей, оның өшіргіші ғана партаның үстінде қалып қойыпты, сол кезде тұңғыш рет өзімнің дүниеде доссыз қалғанымды түсінгендей болдым. Бұл менің балалық санама алғаш ой түсірген оқиға болды. 6 сыныпқа көшкен жылы алғаш рет күнделік жаза бастадым.
Жазу маған кереметтей көңіл-күй сыйлайтын. Жазған сайын жаным тыныштық табатын болды. Бірақ ол кезде күнделік жазу күндердің бір күні мені әдебиетке алып келеді деп ойлағаным жоқ. Басқалар үшін де бұл бір балалық ермек, қиялилық сияқты көрінетін. Мектеп қабырғасындағы буллинг, жалғыз бауырымның науқастануы да өсіп қалыптасу жолымда әсер етпей қоймады. Стресстік жағдайларда ешкімге айта алмайтын сырымның бәрін күнделікке ақтардым. Есейген сайын күнделік жазуды қоя алмадым. Ақыры сол әдетім мені прозаға алып келді. 4-курсты аяқтаған жылы алғаш әңгімелер жаза бастадым, бірақ оным сәтсіздеу болды, тіпті бір жазушы апайға шығармаларымды жолдап, пікірін күттім, пікірін білдірмеген соң, өзімді нашар жазушы шығармын деп ойладым. Жазуды тастап екі жылдай Алматы қаласындағы Ә.Қастеев атындағы өнер мектебінде мұғалім болып жұмыс істедім, - дейді Жәудір Нартай.