Сұрағыңыз болса...
Сарапшы: заңгер Ғалым Кеңесбай
Сұрақта баланы асырауға берілетін алиментті өтеу туралы сот шешімі бар ма, жоқ па екені көрсетілмеген екен. Егер сот шешімі болмағаса, онда жауапкердің (бала әкесінің) немесе талапкердің (бала анасының) тұрғылықты мекен-жайы бойынша сотқа арыз жазу керек. Бала асыруға алиментті өтеу туралы талап-арыз берудің екі жолы бар: а) талаптық тәртіп бойынша және ә) бұйрықтық тәртіп бойынша. Екі жағдайда да мемлекет кірісіне мемлекеттік баж салығы төленбейді. Баланы асырау үшін алимент өтеу туралы талап-арызды берген кезде баланың туу туралы куәлігінің, неке қию туралы немесе ажырасу туралы куәліктердің, жеке куәліктің көшірмелері, сонымен қатар мекен-жай анықтамасы қоса тапсырылады. Әрі қарай осы азаматтық істі қарастырған соттан ҚР «Орындаушылық өндіріс және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының аясында мемлекеттік немесе жеке сот орындаушысына ұсыну үшін, орындау құжатын (орындау парағын немесе сот бұйрығын) алу керек. Сот орындаушысы өз кезегінде борышкердің мүліктік жағдайы мен ресми табыс көзі бар ма, жоқ па екенін тексереді, сонымен қатар борышкерге Республика аумағынан шығуға шектеу қойылады. Борышкердің табыс көзі болмаған жағдайда да, қарызы өсе береді, себебі бұл қарыз бала(лар) кәмелетке толып кетсе де ерте ме, кеш пе өтелуі тиіс болады. Сондай-ақ баласын асырауда өз үлесін қоспаған ата-ана қартайған шағында өзін асырауға алимент өтету құқығынан айрылады.
Дереккөз : anabol.kz