Төлеби ауданында тұтастай бір отбасы газдан уланды
Түркістан облысы, Төлеби ауданында тұтастай бір отбасы газдан уланды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шақыртуға шұғыл түрде жеткен Түркістан облыстық медициналық жедел-жәрдем қызметкерлері алғашқы көмекті дер кезінде көрсетіп, зардап шеккен жандарды өлім аузынан аман алып қалған. Оқиға орнына медициналық жедел жәрдемнің үш тобы шыққан. Дәрігерлердің айтуынша, ыстан уланған 2 және 3 жасар балалардың жағдайы алғашында тым ауыр болған. Жапа шеккен жеті адам Төлеби аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Қазір олардың өмірлеріне еш қауіп жоқ.
Жалпы, жыл басынан бері облыстық жедел жәрдем қызметінің орталығына 43 мыңға жуық шақырту түскен. Алғашқы медициналық көмектің көмегі көп тиетін азаматтар қатарында жүрек-қан қысымынан зардап шегетін науқастар жиі кездеседі екен.
Облыс бойынша қазір 200-ге жуық медициналық жедел жәрдем тобы қызмет атқаруда.