Заһируддин Мұхаммед Бабыр. Алты ғасырдан соң құрметке бөленген әмірші

Oinet.kz 20-12-2019 1889

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» десек те, туған жеріне сұлтан түгілі, ұлтан болып сыймай кеткен тұлғаларымыз тарихта баршылық.  Мысалы сонау Мысыр елін 17 жыл билеген қыпшақ тайпасынан шыққан Сұлтан Бейбарысқа  қазақтың ұлтарақтай  жері де бұйырмай кетті. Сұлтан Бейбарыс секілді Отанын  аңсап,  бір уыс топырағына зар болып өткен тарихта тағы бір ірі тұлға бар. Ол Заһируддин Мұхаммед Бабыр. 

Screenshot_8.jpg

Оның  әкесі Омар Шейх Ферғананың әміршісі, Ақсақ Темірдің шөбересі еді. Ал анасы — Құтлық Нигар ханым Моғолстан ханы, Шыңғыс хан әулеті Жүністің қызы болатын. Бабыр және қазақтың тұңғыш тарихшысы Мұхаммед Хайдардың шешелері — бірге туған, апалы-сіңлілі адамдар болған. Демек, Бабыр мен Мұхаммед-Хайдар — бөле болып келеді.

Әкесі қайтыс болғаннан кейін таққа талас басталып, небәрі 11 жасар Бабырды әкесінің жақтастары Ферғананың жаңа әміршісі етіп сайлайды.   Бабыр үкімет басына келген кезде, Самарқан, Бұқар, Ташкент, Әндіжан, Хисар, Қабылды билеуші Темір тұқымдары өзара жауласып, алмағайып заман орнап тұрған  еді.  Оның үстіне Омар Шейхтың інісі Ахмет таққа көзін сүзіп, Бабырға тиісуін қоймады. Ақыр соңында шайбанилердің шабуылынан және рулардың өзара қырқысуынан Бабыр тақтан тайдырылды. Жерлестерінің қысастығынан Бабыр ұзақ жылдар жат елге қашуына тура келді. Ол сыртта жүріп күш жинайды.  Кейін Гиндикуш тауларын асып, Кабулды қан төкпей басып алады.  1504 жылы Гиндикуштан Ғазнаға дейінгі жерлерді иемденді. Парсы, түрік, татар, үнді, пешту тілдерінде сөйлейтін халқын әділеттікпен басқарды. Исламның таралу жолында көп еңбек етті. Барған жерлерінде Ислам шариғатын орнатты.  1526 жылдың қарашасында Бабыр 12 мың кісілік қолмен Пенджабқа кіреді де, Делиге қарай бет алады. 1526 жылы 21 сәуірде Панипат маңында Үндістанның тағдырын шешкен үлкен ұрыс болды. Бұл кезде Бабыр ысылған қолбасшы болып қалған еді. Ол қызылбастардың зеңбіректерімен соғысын және көшпелі өзбектердің «толғама» атты әскери тактикасын шебер меңгерген болатын. Міне осы ұрыс әдістерінің нәтижесінде Бабыр 12 мың әскермен Дели патшасы сұлтан Ибрагим Лодидың 40 мың кісілік қолын жеңіп шығады. Үндістанды басып алуға Бабыр 14 жыл дайындалған болатын. Сонымен Үндістан Бабырдың екінші отанына айналды. Ол мұнда үлкен мәдени жұмыстар жүргізді, аса күрделі құрылыстар салды, елдің ең таңдаулы ақындары мен ғалымдарын өз маңына топтады.  Жаңа Үндістанды құрушы, ұлт көмесі ретінде тарихқа енген мемлекет қайраткері, жалынды публицист Джавахарлал Неру өзінің әйгілі "Индияны ашу" деген кітабында Бабырды "жылы жүзді, батыл, іскер жан, өнер мен әдебиетті бағалай білген қайраткер" ретінде сипаттап, ол туралы зор құрметпен сөйлейді. Ол Бабыр билеген дәуір жөнінде айта келіп, "бұл кезде Үндістанда үлкен игілікті өзгерістер өмірге келді. Жаңа бір леп есіп, мұның өзі өнер, сәулет, тағы басқа мәдениет салаларын құлпыртып, жасартып жіберген еді деп жазады. Осылайша Бабыр тарихта 300 жылдай өмір сүрген іргесі мықты, Үндістандағы ең ірі мұсылман мемлекеті «Ұлы моғолдар империясының» («Аспан адамдары») негізін қалады. Сан мыңдаған қара халық оның ашса алақанында, жұмса жұдырығында болды. Ұлы әмірші атанды.  Бірақ ол бәрібір бақытсыз еді. Себебі оның арманы бұл емес, кіндік қаны тамған жердің ауасын жұтып, суын ішу болды. Жастық шағын өткізген, ата-бабасының сүйегі жатқан  Отанын — Мауреннахрды сағынды. Ауған жерінде жүрген кезінде Бабыр Мәуеренахрға барып, әкесінен қалған билікті қайта алуға тырысты. Алайда өңшең билікқұмар, тақ үшін туғанын сатып жіберетін достары, бауырлары оған ешқандай мүмкіндік бермеді. Осы жағдайларға қатты күйзелген оның ғұмырының соңғы жылдары тіпті қасіретпен өтті. Ибрагим Лодидің шешесі Бабырдың асына у қосып беріп, оны улап өлтірмек болады. Оның үстіне Бабырға Үндістанның ауа-райы да жақпады. Біресе ыстық соғып, біресе салқын тиіп, ауыра берді. Әрине оны науқас қылған «сарғайған сағыныш» еді. Ақырында ол 1530 жылдың 26 желтоқсанында Аграда қайтыс болды. XVII ғасырдың басында оның денесі әкелініп, өзінің көзі тірі кезіндегі өсиеті бойынша, Кабул қаласының маңындағы Шердарваза тауының етегіне жерленіп, басына мәрмәрдан құлпытас қойылды.

Бабырдың қолбасшылық ерліктері тарихтан жақсы белгілі. Ал оның ғажайып өлең-жырлар жазып қалдырған лирик ақын, дарынды жазушы, ғұлама-ғалым, атақты тарихшы екені өз алдына бөлек әңгіме. Өз өмірінің естеліктерін, толғанысын, шерін қағазға түсіріп, сондай-ақ билік еткен мемлекеттер туралы құнды деректерді жазып қалдырды.  Жастайынан өнерге, білімге құштар болған Бабыр түркі тілдерімен қатар араб және парсы тілдерін жете меңгеріп, Шығыстың классикалық поэзиясынан еркін сусындаған, тарих, филосо­фия, табиғаттану ғылымдары бойынша, сондай-ақ сәулетшілік (архитектура) және соғыс өнері бойынша өз заманына лайықты едәуір білім алған жан. Ер жүрек батырлығы үшін оны бала кезден-ақ Бабыр (арабша "бабур" — "арыстан" деген сөз) деп атап кеткен. Бабыр ең алдымен ғасырлар бойы талай ұрпақ тамсанып оқыған тамаша лирикалық өлең-жырлардың авторы. Оны ұлы шайыр Әлішер Науаи өзінің ең дарынды шәкірттерінің бірі санаған. Бабыр 14-15 жасында-ақ Гератта тұратын Науаиға өлеңмен хат жазып, ұстазынан талай рет өлеңмен жазылған жауап хат алған. Бірақ бұл екі ақын ғұмыр бойы бірін-бірі көрмей, кездесуді армандап өткен. Бабырдың еңбектерінің ішінде автобиографиялық "Бабырнама" шығармасы ерекше көңіл аударады. "Бабырнама" тек тарихи ғана емес, әдеби шығарма да болып табылады. Кітап 1526 - 1530 жылдары шағатай (ол кезде түріктің әдеби тілі) тілінде жазылған. Кітапта Орта Азия, Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан халықтарының тарихына, этнографиясына, географиясына байланысты мол мәліметтермен қатар, XV -XVI ғасырларда Дешті Қыпшақты мекендеген ру, тайпаларға қатысты да құнды дерктер ұшырасады.  Бабыр осы мемуарлық кітабы жайлы былай дейді: «Ұшбу сөзді шағым жазайын немесе қайырымдылығымды білдірейін деп мақтан үшін жазбадым, шындықты, болған оқиғаны ешбір қоспасыз баз қалпында қағазға түсіріп отырмын. Сондықтан тумаларымның, бауырларымның жақсы-жаман істерін, алыс-жақын адамдардың кемшілігін де, артықшылығын да бүкпесіз айтып отырмын. Оқырман да, оқырманды құлақ салып тыңдаушы да кешірім етер деймін!». Сондықтан туынды көркем тілмен жазылғанымен нақты фактілерге негізделген.  Ғылымның сан саласын бойына дарытқан Бабыр – таңғажайып поэзиялық туындылары және «Бабырнамамен» қатар, «Муфассал» (аруз жөнінде), «Рисола-и харбия» (әскери іс жөнінде), «Рисола-и мусиқа» (музыка туралы), «Мүбайын» (шариғатқа байланысты «Өсиетнама»), сынды трактаттарды және «Хатта Бабуриді» (Бабыр әліппесін) дүниеге әкелген жан-жақты ғұлама ғалым.

Әдебиеттанушылар Бабырдың шығармаларындағы жазу стилінің ерекше екендігін айтады.  Яғни тарихилықпен қатар айқын аңғарылатын философиялық, психологиялық және лирикалық белгілер сол дәуір әдебиеті үшін новаторлық құбылыстың бірі болып табылады. Себебі Бабыр өз ойын шебер жеткізе алуымен қатар автор мен оқырманды өзара байланыстыратын сырласу тәсілін  қолдана білген. Оқырманмен сырласу тәсілі де ортағасыр жазбаларында әлі қалыптаса қоймаған соны құбылыс болатын. Ол қиыншылыққа тап болған сүреңсіз кездері жайында оқырманымен ашық сырласа: «Бұл жағдай жаныма қатты батты, көзімнің жасын тыя алмай, көп жыладым» десе, енді бірде, «менің өлгім келді» деп жан дүниесіндегі шарасыздықты оқырманның алдына жайып салады.  

«Бөтен елде ұмыт болдың сен адам,

Жүрегімен аяйды өзін тек адам.

Бір сағат та қызық көрмей сандалдың,

Отаным деп қайғы жұтар мәңгі адам». Ал бұл өлең жолдары жат жұртта, туып-өскен елі мен жерін аңсап, сағынышқа толы көңіл күйін білдіретін мұң-зарын білдіреді. Кім біледі бәлкім Бабырды ақын қылған да  туған жерге деген сағынышы болар. 

 Бабырдың әйелдерінен 9 ұл, 9 қыз дүниеге келді. Бірақ олардың көбісі ерте қайтыс болып кетті. Төрт ұлы әкесінен қалған империяны басқарды. Қызы Гүлбадан Бабырдың шығармашылық жолын жалғап, «Хумаюн нама» шығармасын жазды.  

Арада алты ғасыр өткенде Әндіжан қаласында  Бабырдың құрметіне ескерткіш қойылды.  Сондай-ақ оның есімін иеленген университет  пен пошта маркасы бар.  

Табысты адамдар қандай болады?
Тест. Қай алманы жер едіңіз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу