Машалкы керек пе?...
02-11-2023
Өткен аптада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев егемендікті баянды ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар арда азаматтарға марапат табыстап, алдағы күнге сәттілік тілеп, жүрекжарды лебізін білдірді. Әрине, марапат бұнымен тынған жоқ. Жер-жерде құрмет лайық қаншама азамат бар! Осыған орай, оларды барша өңір басшылары Елбасы атынан арнайы қошеметтеді. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев та тыс қалмай, Түркістан сарайында өткен «Тұғырлы бол, Тәуелсіздік» іс-шарасында елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі сіңген оңтүстікқазақстандық 74 азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады. «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат», «Құрмет», «Айбын»... Осылай тізіп кете бересіз. Награданы билік тұтқасын ұстап отырған шенеуіктен бастап, қарапайым еңбек адамына дейін алды. Біз салтанатты іс-шарада награда алған бір топ азаматтармен тілдескен едік:
Ақмарал Сағымбекова, дәрігер, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:
Дарақ бір жерде көгереді
– Мен Ордасы ауданында бөлімше дәрігері болып жұмыс істеймін. Дарақ бір жерде көктеп, тереңге тамыр жаяды емес пе? Университет бітіріп келгелі бері осындамын. Еңбек өтілім – 30 жылдан асып кетті. Менің басты міндетім яки мақсатым – адам саулығын қамтамасыз ету. Денсаулық – бірінші байлық екені баршаға аян. Дегенмен, осы бір байлықты жоғалтып алу қаупі өте жоғары. Біле білсеңіз, науқасты емдеу, тәнін мазалап, жанын жеген аурудан айықтыруға күш салу - бұл оңай шаруа емес. Зор жауапкершілікті қажет етеді. Мұнда мүсәпір күйге түскен адам сізге затын емес, жанын аманат қылады. Аманатқа қиянат жүрмейді. Дәрігер әрбір науқасқа тек ем-дом жасап қана қоймай, мейірімін төгу керек. Жан шуағын шашу қажет. Дәрігер жүзінен шапағатты көрген кез-келген науқас ауруынан тез жазылады. Жақсы сөз – жарым ырыс демекші, бізде жылы сөз – жарым ем.
Бүгінде елімізде медицина саласы өркендеп келеді. Ауруханалар жылдан-жылға су жаңа заманауи медициналық техникалармен жабдықталуда. Адам жанына араша түсіп жатқан дәрігер, медбикелерге қолдау көрсетуде. Мен осы сәтті пайдалана отырып, мені осы марапатқа ұсынған облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен аурухана басшылығына зор алғысымды білдіремін. Әрине, Тәуелсіздік күнінде алған бұл марапат мені жігерлендірді. Мерейімді тасытты. Осы сәт адам жанын арашалап жүргенімді мақтан тұтатынымды қайталап айтқым келеді! Дені сау адам – мемлекет болашағы, тәуелсіздік кепілі!
Мұрат Төлтебаев, «Атамекен корпорациясы» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, «Құрмет» орденінің иегері:
Үлкен стимул береді
– Бұл марапат менің ғана емес, отбасым, ағайын-туыс, ұжымға тиеслі марапаты деп білемін. Шындғына келсек, бұндай марапаттар біздей кәсіпкерлерге үлкен стимул береді. Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге зор жағдай жасап, барынша демеу болып отырғанын бәріңіз білесіздер. Себебі, кәсіпкерлер – экономиканың қозғаушы күштерінің бірі. Сондықтан да, біздің істегенімізден істемегеніміз әлі де көп дер едім. Әлі де атқарар шаруа шаш-етектен. Әрбір кәсіпкер өз елінің өркендеуіне үлес қосса, онда алар асулар бұдан да биік болар еді. Осы бір марапаттан соң, біз тың күшпен, жаңа деммен жұмыс істеуге тиіспіз!
Рәшкүл Оспаналиева, «Коропорация «Береке А» ЖШС директорының кеңесшісі, облыстық мәслихаттың депутаты, «Парасат» орденінің иегері:
Аванс деп есептеймін
- Бұл «Парасатты» - аванс деп есептеймін. Шындығында, бұл орден мойныма зор жауапкершілік жүгін артты. Мен осы орденге лайықпын ба? Лайық болу үшін күндіз-түні еліме қызмет етуге дайынмын!
Марат Мәмбетов, еңбек ардагері, «Шапағат» медалінің иегері:
Елеусіз қалдырмады
– Елбасы тапсырмасымен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға «Кедергісіз кемістік» деген бағдарлама қабылданған болатын. Осыған орай, біз, мүмкіндігі шектеулі азаматтар қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қоғамдық орындарда жастармен әңгіме-сұхбат жүрігізіп, патриоттық тәрбие беріп, үлгі-өнеге көрсететін азаматтар санатындамыз. Мемлекет басшысы, облыс әкімі біздей жандарды елеусіз қалдырмай, қариясын ардақтап, жатқанына қуаныштымын. Себебі, қариясын ардақтаған ел – бақытты ел!
Нұрболат Дербісов, Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, II дәрежелі «Айбын» орденінің иегері:
Бұл департаменттің жетістігі
– Облыс әкімі және Ішкі істер министрлігінің қолдауымен биыл ірі өрттер мен бірнеше төтенше жағдайларды болдырмай, алдын алуда атқарған еңбегімізді елеп, Мемлекет басшысының жарлығымен екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапаталып отырған жайым бар. Бұл мен үшін зор қуаныш, ірі жетістік. Бұл – ОҚО төтенше жағдайлар департаментінің жетістігі деп айтуға болады.