Ұйқысыз түн. Жаңа Жыл қарсаңындағы шытырман
Түптеп келсек, Жаңа жыл – діни мереке. Сондықтан да, қазіргі таңда бұл мерекені тойлау-тойламау мәселесі жиі көтеріліп жүр. Себебі, елімізде өзге діни ағымдағы азаматтар саны күрт артып кетті. Мұндай азаматтар – өздері ұстанған діни бағытқа барынша берік болады. Ал, беріктік танытпағандар тиісті деңгейде жазаланатын көрінеді.
Бұл мерекені – Рим әміршісі Юлий Цезарь енгізді. Бағзы Римде бұл күн екі жүзді, дұрысы қос жүзді (бір беті алға қарап тұрса, бір беті артқа қарап тұрады) Янус Құдайға арнаған. Сонда, 1 қаңтар – расында діни мереке. Бұл мереке бізге Ресейден келді. Ал, Ресейге 1700 жылы бір-ақ келіпті. Еуропадан көп нәрсе үйренген Петр I 1 қаңтардан бастап Жаңа жылды мерекесін енгізді. Орыстар бұл мерекені өздеріне лайықтап, өз қолтаңбаларын салды. Аяз Ата, Ақшақар – шығыс славян өкілдерінің қиялынан туған, жаңғырған кейіпкерлер. Осы себепті де, біздің елімізде Жаңа Жыл мерекесіне деген әр алуан көзқарас болуы әбден заңды.
Десе де, қазекеңдер Жаңа жылды барынша дүркіретіп тойлайды. Тәуелсіздік мерекесі өте салысымен, орталыққа Жаңа Жылдық шырша тігіліп, көшелерге мерекелік реңк беретін жылтырақтар жаппай іліне, қойыла бастайды. Бұған бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Осы қаржыны есептейтіндер аз емес. «Неге ділі жат Жаңа Жыл – түркі елдерінің жаңа жылы Наурыз мерекесінен жоғары тұруы тиіс?» деген сыннан аяқ алып жүре алмай қалатын кездер болады. Әйтсе де, мемлекет қос мерекені де бір-бірінен кем көрмейді. Себебі, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Ал, зайырлы мемлекетте діни және кез-келген діні жоралғыға қатысты алалау болмауы керек. Жаңа жылды тойдауда тек мемлекеттік емес, адами фактор да зор рөл ойнайды. Біз осыған кішігірім зерттеу барысында көз жеткіздік.
Адам психологиясын меңгерген ресторандар
Жаңа Жыл мерекесі қарсаңындағы ең басты мәселе – «отыратын» жер табы. Яғни, дос-жарандарыңызбен, ұжым мүшелерімен мейрамхананы алдын-ала жалдамасаңыз, онда кеш болуы мүмкін. Осыған орай, біз қаладағы біраз мейрамханалардан мереке қарсаңында 10 адамға арналған үстелге қанша төлеу керектігін сұрастырған едік. Сонымен, Жаңа Жылда мейрамхана келіп, тапсырыс беріп, сол тапсырысқа ғана төлем жасамайсыз. Мұнда – депозит деген жүйе қолданысқа енгізіледі. Яғни, мейрамханалар, ойын-сауық орындары тапсырыс берсеңіз де, тапсырыс бермесеңіз де әр адам басынан ақша алады. Мысалы, Шымкентте «Golden Cavalli Club» караоке-барына әрбір адам 8 мың теңгеден төлейсіз. Сонда мұнда 10 адам болып кірсеңіз, 80 мың теңгенің басына су құйып шығасыз. Бұл қаржыға дастарханыңыздан бөлек, Жаңа Жылдық шоу бағдарлама кіреді. Шоу-бағдарламада Аяз Ата мен Ақшақар өнер көрсетіп, түрлі ойындар ұйымдастырады. Ойын жеңімпаздарына сыйлықтар таратады. Қысқаша айтсақ, әрбір қонаққа мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысады.
Ал, депозит бойынша жайылған дастарханға көңіліңіз не қарныңыз тоймай, тағы тапсырыс берсеңіз, оған қосымша қаражат төлейсіз. Өзіңізбен бірге ештеңе алып кіре алмайсыз. Әйтпесе, жұрт осы бір тәсілге жүгінбей ме? Ресторандарда 1 литрлік Cola сусынына 600-100 теңге төлегенше, көшеден 250-350 теңгеге сатып алып кірмей ме? Өкінішке қарай, бұған рұқсат жоқ.
Бұдан бөлек, біз көптеген мейрамханаларға хабарластық. Көпшілігі 6-12 мың теңгенің аралығында екен. Ал, біз хабарласқандардан ең арзаны – «Парша» мейрамханасы болып шықты. Мұнда адам басына – 5 мың теңгеден алады екен. Бірақ, бұл 5 мыңға – Жаңа жылдық шоу бағдарлама енбейді. Және бұл баға мереке жақындаған сайын қымбаттауы әбден мүмкін дейді администратор. Сондықтан да, неғұрлым алғашқылар қатарында болып тапсырыс берсеңіз, сізге соғұрлым жақсы. Ал, енді ең қымбаты – «Grand Praga» болды. Бұл жерде адам басына – 15 мың теңге төлеуіңіз міндетті. Бәрін алдын-ала бірден төлейсіз бе, әлде жартысын төлейсіз бе, ол жағы әлі нақтыланбаған. Администратормен келіскеніңізге байланысты. Бірақ, мұнда сіздің келетініңізге қандай да бір кепілдік болуы керек. Әйтпесе, олар дастархан жаймайды. Түсінікті айтсақ, алдап кетеді деп сенбейді. Ал егер алдап кетсеңіз бұл оларға шығын.
Негізгі инвесторлар – ата-аналар
Бұл – күні бұрын хабарласып келіскендегі баға. Ал, мереке жақындаған сайын баға да шарықтап өсе береді. Яғни мереке жақындағанда – тапсырыс та көбейеді. Көпшілік мекеме қалай да болса мейрамханада отыруды көздейді. Жылына бір келетін осы бір науқан кезін кафе-ресторандарыңыз барынша ұтымды пайдалануға тырысады. Бағаны әдеттегі күндердегі бағадан екі не үш есе көтереді. Ал, мереке кезінде көпшілік ақшаның бетіне қарамайды. Оңды-солды жұмсайды. Осы кезде пысықайлар қимылдап қалады. Мысалы, жұмыссыз яки қолы бос ерлі-зайыптылар Аяз ата, Ақшақар болып, ел ішінен ырзығын тере алады. Себебі, бұл кезде көптеген ата-аналар бала-шағаларынан ештеңе аямайды. Қазірден бастап олар жол жиегіндегі бағаналарға, әлеуметтік желілерге өздері туралы хабарландыруларды іліп тастаған. Біз оларға хабарласып көріп едік, қызмет көрсету ақысы – 3 мың теңгеден 8 мың теңгеге дейін барады екен. Олар бұл қаржығы 30 минуттық шоу ұйымдастырады. Егер қосымша қаржы қоссаңыз, 1 сағат бойына балаңызды шаттандыруға дайын. Әрине, Аяз Ата сыйлықсыз келмейді. Күлшелі бала сүйкімді демекші, Аяз ата – сол сыйлығымен сүйкімді емес пе? Сыйлығы болмаса кімге керек? Дегенмен, сіз сыйлықты өзіңіз алып, оны Аяз Атаға ұстатуыңыз керек. Сыйлық – әлгі 3-8 мың теңгенің ішіне кірмейді. Бұл жекелеген адамдар. Ал, мереке ұйымдастырумен айналысатын кішігірім компаниялар ақысы - 15 мың теңгеден басталады. Қымбат болу себебі, олар – сапаны бірінші орынға қояды екен. Яғни, клиент разы қылуға тырысады. Шоуға «жүрдім, бардым» қарамай, жанын салады.
Ал, енді сыйлыққа келсек, қаладағы сауда орындарында, бұрыш-бұрышта ішіне тәттілер салынған сыйлықтар сатылымға шығып үлгерді. Бағалары да әр түрлі. Тәтті көлеміне және дәміне қарай. Мысалы, арнайы жаңажылдық қорапқа салынған мұндай сыйлықтар құны 900 теңгеден басталып 8500 теңгеге дейін барады. 500 грамдық «Мешочек» сыйлығы – 905 теңге тұрады. Ішінде «Рахат» фирмасының ортаңқол кәмпиттері, арахис жаңғағынан құйылған вафли, қытырлақ ащы нан бар. Ал, «Сундучок», «Чемоданчик», «Трапеция» сынды 750 грамдық сыйлықтар – 1300 теңге көлемінде сатылады. Баға сыйлық көлемі мен ішіндегі тәтті сапасына қарай шарықтап өсе береді. Ал, егер осы қорап ішіндегі тәттілерді жеке-жеке жинап, өзіңіз қорапқа салсаңыз баға 2 есеге дейін арзан түседі екен. Дегенмен, бұған ата-аналар ерінеді. Олар уақыт жоғалтып шаршағанша, дайын сыйлықты ала салғанды құп көреді. Әзірге, мұндай сыйлықтарды алып жатқандар қарасы аз екен. Бірақ, бұған қапаланып тұрған сатушылар жоқ. Керісінше, қолдарын ысқылап отыр. «Жаңа жыл жақындасын, сол кезде лап қояды» дейді бәрі. Осы сарында.
Ал, енді Жаңа Жыл түнін отшашусыз қалай елестесіз? Бұл мүмкін емес. Сағат тілі түнгі 12:00-ді соққанда аспан қызылды-жасылды түске боялады. Біз отшашу сатып отырған кісімен аз-кем тілдесіп, салют бағасына қанықтық. Мұнда ең арзан салют – 1800 теңгеден басталады екен. Әйгілі «Золотой песок» секілді «Горыныч» салюті – 1800 теңге, «Ну, погоди» - 2000 теңге, 16 рет атылатын «Морозко» - 8000 теңге, 19 рет атылатын «Чингизхан» - 10 мың теңге, 25 рет атылатын «Мулен Руж» - 15 мың теңге тұрады. Және мұнда бір рет атылатын, бірақ, атылғанда көз жауын алатын отшашулар да бар. Бағалары – 25 мың теңгеден бастады. Ал, мұнда фейерверк төресі – «Золотая середина» болып отыр. Бұл – 60 мың теңгеге бағалануда.
Ал, көтерме сауда орындарында «Кремлевский» салюті – 200 мың теңгеден босатылуда. Бұл салют 200 рет атылады екен. 40 метр биіктікке дейін. 5 минут бойы. Қауіптілік деңгейі – III. Салют атылғанда түрлі эффектке толы дауыстар шығады. Мұндай салютті көбіне орталық алаңда ату үшін әкімдіктер алады екен.
Әрине, Жаңа Жылда бұдан өзге көптеген шығындар бар. Оның бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Сондықтан да, бәріне тоқтала алмадық.
P.S. Жаңа Жыл жайлы айта берсек сөзімізді тауыса алмаспыз. Бір жылда – 365 күн болса, тек осы Жаңа жыл қарсаңындағы екі-үш күнде сауда қатты қызады. Ел ішінде алыс-беріс артып, той тойлау, бір-біріне қонақтау рәсімдері күрт артады.
Бұйығып жатқан халық осы мейрамда бой жазып, бір-бірімен арқа-жарқа болып жатады. Қанша жерден Жаңа жыл керек емес дегенімізбен, іштей Жаңа жылды күтетіңіз рас. Көңілсіз қыс күндерінде өміріңізді қыздырып кеп жіберетін осындай бір жарқын мереке керек-ақ!